Ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр

Ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр
Фото: magnific.com

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев халықтың табысын арттыру үшін цифрлық платформаларды, электронды коммерцияны және жұмыспен қамтудың заманауи құралдарын дамытудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам қазақстандықтың табыс табуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін кеңейту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, халықтың цифрлық дағдыларын жетілдіру және жұмыспен қамту жүйелерімен интеграцияланған қайта даярлау платформасын енгізу жоспарланып отыр.

«Жұмыс ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосуға, тапсырыстарды қабылдау және беру пункттері желісін дамытуға, оның ішінде шалғай елді мекендерге жеткізуді ұйымдастыруға, сондай-ақ халықты электронды коммерцияға, цифрлық платформалармен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге бағытталады», - деп атап өтті министр.

Еске сала кетсек, Жолдау аясында Мемлекет басшысы белгілеген инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағыты бойынша Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды.