Жолдау: Астанада газ саласына қатысты міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды

Жолдау: Астанада газ саласына қатысты міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды
Фото: Энергетика министрлігі

Астанада «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырған Energy Trends: Gas & Petrochemicals сараптамалық алаңында Қазақстанның газ және мұнай-газ химиясы салаларын дамытудың практикалық тетіктері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі бағыты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру болды. Атап айтқанда, геологиялық барлау тәсілін түбегейлі жаңғырту, геологияны жоғары технологиялық салаға айналдыру, жер қойнауын зерттеуге жеке капитал тарту, сондай-ақ газ инфрақұрылымын дамыту және отандық экономиканың қажеттілігі үшін шикізатты терең өңдеу мәселесіне басымдық берілді.

Жиында сөз сөйлеген Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров газ саласының тұрақты дамуы мен өңірлерді сенімді газдандыру жер қойнауын сапалы зерттеу және геологиялық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуден басталатынын атап өтті. Бүгінде республикадағы бекітілген алынатын газ қоры шамамен 4 трлн текше метр. Оның жартысынан астамы – ілеспе мұнай газы. Тауарлық газдың жылдық өндірісі 27 млрд текше метрден астам деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру, экономиканың өсуі және өнеркәсіптік нысандарды экологиялық таза отынға көшіру есебінен ішкі тұтыну қарқынды өсуде. АБиыл бұл көрсеткіш 22,5 млрд текше метрден асады деп болжанған. 

Шикізат базасы мен өңдеу қуаттарын қатар дамыту мақсатында жылына жалпы қуаты 9,4 млрд текше метр шикі газды өңдейтін төрт жаңа газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған.

«Геологиялық қорлардың болуы өздігінен жеткізуге дайын тауарлық газдың бар екенін білдірмейді. Ол үшін инвестициялар, заманауи технологиялар және инфрақұрылымды үйлесімді дамыту қажет. Әрбір жаңа зауыттың ұзақ мерзімді жүктемесін қамтамасыз ететін расталған шикізат көздері болуы тиіс. Сондықтан Энергетика министрлігі саланы 2030, 2035 және 2040 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтитын дамыту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бағдарламада жер қойнауын зерттеу, өндіру және өңдеу жұмыстары халық пен өнеркәсіптің келешектегі қажеттіліктерімен нақты үйлестіріледі», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров.

Мемлекет басшысының жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында министрлік еліміздегі 15 шөгінді бассейннің ішінен аз зерттелген 11 бассейннің әлеуетін ашуға басымдық беріп отыр. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте күрделі әрі тереңде орналасқан кен шоғырларын игеруге арналған преференциялар бекітілген. Сонымен қатар қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға жаңа аукциондар өткізбей-ақ, өз учаскесінің шекарасын бес километр тереңдікке дейін кеңейту құқығы берілген. Көмір қабаттарындағы метанды қоса алғанда, дәстүрлі емес ресурстарды игеруге ынталандыру шаралары да пысықталып отыр. Бұдан бөлек, аукцион өткізу тәсілі өзгертілуде. Енді төлем мөлшерімен қатар, ұзақ мерзімді геологиялық нәтиже де негізгі өлшемдердің біріне айналады. Оған жүргізілген зерттеулердің көлемі, алынған жаңа геологиялық деректердің сапасы және қорларды нақты игеруге дайындау деңгейі кіреді.

Кездесудің модераторы әрі ұйымдастырушысы, «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов өндіру мен өңдеу арасындағы өзара байланысты жоспарлаудың маңыздылығына назар аударды.

«Газ және газ химиясы салалары бойынша мәселелерді өзара байланыстыра отырып, нақты талқылау қажет. Жаңа кәсіпорын салмас бұрын инвестор шикізаттың қайдан жеткізілетінін, оның құны қандай болатынын және ұзақ жылдар бойы жеткізілімнің қаншалықты сенімді болатынын нақты білуі керек. Ал газ өндіруші компания барлау мен өндіруге инвестиция салуы үшін кепілдендірілген сұраныс пен тиісті экономикалық жағдайды түсінуі қажет. Кез келген жобаның табысты болуы оның ұзақ жылдар бойы бәсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкіндігіне байланысты. Бұл ретте мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істеп, нақты практикалық шешімдер қабылдауы маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Жұмағұлов.

Кездесу барысында мұнай-газ химиясын тереңдетіп дамытуға және ірі зауыттардың айналасында шағын және орта бизнес экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Бұл – Президенттің Жолдауында арнайы атап өтілген міндеттің бірі. 2023–2025 жылдары Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 73%-ға өсіп, 358,6 мың тоннадан 619,2 мың тоннаға жетті. Полиэтилен, бутадиен, газды бөлу және аммиак-карбамид кешендерін қоса алғанда, жаңа ірі өндірістер іске қосылып, жобалық қуатына шыққаннан кейін 2031 жылға қарай өнім көлемі жылына шамамен 2,9 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл отандық кәсіпорындарды құрылыс материалдарын, құбырларды, қаптамаларды және медициналық бұйымдарды өндіруге қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған өнімдер елдегі инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ауқымды міндеттерді іске асыруда сұранысқа ие.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар заңнамалық базаны жетілдіру мәселелерін, оның ішінде әзірленіп жатқан «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын, сұйытылған табиғи газ бен газ мотор отыны нарығын реттеуді талқылады. Бұдан бөлек, 13 миллионнан астам қазақстандықты сенімді газбен қамтамасыз ету мақсатында газ тасымалдау жүйесі мен жерасты газ қоймаларын жаңғырту мәселелері қаралды.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталып, геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындау керектігін атап өтті.