Өрт қауіпсіздігінің бес талабы: суық түспей тұрып нені тексеру керек

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Өрт қауіпсіздігінің бес талабы: суық түспей тұрып нені тексеру керек
Фото: ТЖМ

Төтеншеліктер күн суыта бастаған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға ерекше мән беру қажет екенін еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Құтқарушылар үйдегі қауіпсіздіктің бес маңызды элементін тексеруге кеңес береді:

Пеш. Жылыту маусымы басталмас бұрын пештің жарамдылығын тексеріп, от жағатын есігінің дұрыс жабылатынына, жарықтар мен басқа да зақымдардың жоқтығына көз жеткізу қажет. Пештің алдындағы еденде металл төсем және өртке қарсы оқшаулау болуы тиіс. Пешті шамадан тыс қыздыруға, ақауы бар күйде пайдалануға және от жанып жатқанда қараусыз қалдыруға болмайды. Пеш жағуды балаларға тапсыруға тыйым салынады.

Түтін мұржасы. Оны күйеден уақтылы тазартып, жарықтар мен басқа да зақымдардың бар-жоғын тексеру қажет. Ақауларды пешті пайдалануды бастамас бұрын жою керек. Отын толық жанып, иіс газының түзілуі тоқтағанға дейін пештің жапқышын жабуға болмайды.

Электр сымдары. Қосымша электр құрылғыларын пайдалану желіге түсетін жүктемені арттырып, қысқа тұйықталу мен өртке әкелуі мүмкін. Электр сымдарының, розеткалардың, ажыратқыштар мен ұзартқыштардың жай-күйін тексеріп, зақымдалған бөлшектерді ауыстыру қажет. Бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қатар қосуға болмайды. Егер розетка немесе сым қызып кетсе, құрылғыны пайдалануды тоқтатып, маманға жүгіну керек.

Электр жылытқыштары. Құрылғыларды орнықты жерге, жиһаздан, перделерден, киімнен және басқа да жанғыш материалдардан алыс орналастыру қажет. Жұмыс істеп тұрған жылытқыштардың бетін жабуға, ақауы бар құрылғыларды пайдалануға және оларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады.

Иіс газын анықтайтын датчик. Иіс газы түссіз әрі иіссіз болғандықтан, оны арнайы құрылғысыз анықтау мүмкін емес. Автономды датчик газдың қауіпті концентрациясы пайда болғанда дер кезінде ескерту береді. Оның жұмысқа жарамдылығын үнемі тексеріп, қуат элементтерін уақтылы ауыстырып отыру қажет.

Датчик іске қосылған жағдайда адамдарды дереу таза ауаға шығарып, қауіпті үй-жайдан кету және 101 немесе 112 нөмірлері арқылы шұғыл қызметтерді шақыру қажет. Қауіп толық жойылмайынша үй-жайға қайта кіруге болмайды.

Қазақстан ТЖМ азаматтарды үйлерін жылыту маусымына алдын ала дайындауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сіріңке мен от тұтататын құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстауға, ашық от көздері мен қосулы электр жылытқыштарын қараусыз қалдырмауға шақырады. 

Еске салайық, бұған дейін астаналық құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін ескерткені туралы жаздық.