Жаңа буын сарапшыларын даярлауға бағытталған «Sarapshy» медиажобасы басталды

Жаңа буын сарапшыларын даярлауға бағытталған «Sarapshy» медиажобасы басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық қоғамдық даму институты «Sarapshy» медиажобасын іске қосты. Жобаның мақсаты – қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін кәсіби тұрғыдан талдап, көпшілікке түсінікті тілмен жеткізе алатын жаңа буын сарапшыларын даярлау, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Министліктің қолдауымен қолға алынған жоба мәдениет, қоғамдағы мінез-құлық және әдеп мәселелерін қамтиды.

Жобаға 140-тан астам өтінім түсіп, конкурстық іріктеу қорытындысында 25 қатысушы таңдалды. Олардың қатарында қоғамдық даму, әлеуметтік қатынастар, мәдениет және коммуникация салаларында тәжірибе жинаған зерттеушілер, талдаушылар мен практик мамандар бар.

31 қазан мен 14 қараша аралығында қатысушылар білікті сарапшылар мен мамандардан дәріс алып, тәжірибелік сабақтарға қатысады.

Оқу барысында олар сарапшы ретінде кәсібилікті арттыру, БАҚ-пен байланыс орнату және көпшілік алдында сөйлеу дағдысын жетілдіреді. Сондай-ақ өз пікірін нақты деректермен негіздеуді және күрделі мәселені аудиторияға түсінікті түрде жеткізуді үйренеді.