Алматы қаласында FAIO 2026 (Fizmat AI Olympiad) халықаралық жасанды интеллект және машиналық оқыту олимпиадасы аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Халықаралық білім сайысы Республикалық физика-математика мектебінде ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап..
Биыл олимпиаданың іріктеу кезеңіне әлемнің 28 еліндегі 125-тен астам қаладан шамамен 1 500 мектеп оқушысы қатысты. Іріктеу нәтижесінде 49 команда финалға жолдама алып, олардың 47-сі шешуші кезеңде бақ сынады. Финалға 15 елден 118 оқушы қатысты.
Халықаралық жарыста Қазақстан, Армения, Беларусь, Испания, Италия, Кипр, Қырғызстан, Марокко, Моңғолия, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан және Филиппин елдерінің оқушылары бақ сынады.
Олимпиада командалық форматта өткізіліп, қатысушылар бағдарламалау, деректерді талдау, математика және машиналық оқыту бағыттары бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Финалдық кезең екі турдан тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Ресей командасына бұйырды. I орынды Ресейдің 3 командасы, II орынды Қазақстан, Ресей, Таиланд және Кипр елдерінің 8 командасы, III орынды Қазақстан, Румыния, Ресей, Испания және Моңғолия елдерінің 12 командасы иеленді. Олимпиаданың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңге.
FAIO олимпиадасы биыл үшінші рет ұйымдастырылды. 2024 жылы тек қазақстандық оқушылар қатысқан білім сайысы бүгінде халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл жарыс жас дарындардың жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуына және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 20 өңірде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа форматтағы мектептер салынады.



