Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олардың қызметі балаларға, ата-аналар мен педагогтерге психологиялық көмек көрсетуге, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері орталықтарда 33 мыңнан астам адамға консультациялық көмек көрсетілді. Олардың қатарында 19 мыңға жуық бала, 10 мыңнан астам ата-ана және 4,3 мың педагог бар.
Жеке консультациялармен қатар, орталықтар профилактикалық жұмыс жүргізіп, білім беру ұйымдарының мамандарына әдістемелік қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері мектеп психологтері мен білім беру жүйесінің басқа да мамандарының кәсіби құзыретін арттыруға бағытталған семинарлар, вебинарлар мен практикумдарды қоса алғанда, 25 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Министрліктің мәліметінше, 111 байланыс орталығына суицид қаупі, буллинг, зорлық-зомбылық және балалардың құқығы мен әл-ауқатын қорғауға қатысты басқа да мәселелер бойынша 2,6 мыңға жуық өтініш түсті.
Балалардың психологиялық қиындығын ерте анықтауға, қажетті көмекті уақтылы көрсетуге және тағдыры күрделі жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.
Еске сала кетсек, 20 өңірде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа форматтағы мектептер салынады.