Елімізде ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші 44 пайызға төмендеді – ДСМ

Елімізде ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші 44 пайызға төмендеді – ДСМ
Фото: pexels.com

Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтыру көрсеткіші өткен эпидемиологиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 22-28 қазан аралығында елімізде 74 689 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға, ал алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 1,5 есе аз.

Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Қазақстанда 1 075 450 адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,7 пайызға төмен.

Зертханалық мониторинг нәтижесінде тұмауға жатпайтын вирустар арасында риновирустар, аденовирустар және бокавирустар басым екені анықталған. Сонымен қатар маусым басталғалы бері A(H1N1)pdm09 тұмауының 12 жағдайы зертханалық жолмен расталған.

Елімізде тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны жалғасып жатыр. Осы мақсатта халықтың шамамен 11 пайызын қамтуға жеткілікті «Гриппол» вакцинасының 2,2 миллион дозасы сатып алынған. Қазіргі уақытта вакцина еліміздің барлық өңірінде бар.

30 қазандағы мәлімет бойынша 1 670 447 адам тұмауға қарсы екпе алған. Бұл вакцинациялауға жататын азаматтардың 75,3 пайызын құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ маусымында жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, әсіресе қоғамдық орындардан келген соң тазалыққа мән беру, бөлмелерді тұрақты желдету және жөтелу мен түшкіру әдебін сақтау ұсынылады.

Ал ауру белгілері байқалған жағдайда өзге адамдармен қарым-қатынасты мүмкіндігінше шектеген жөн. Дене қызуы көтеріліп, жағдай нашарласа немесе ауру белгілері күшейсе, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Бұған дейін елімізде А(H1N1)pdm09 тұмауының бес жағдайы тіркелгені хабарланған еді.