Биыл 9 айдағы бақылау және қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 78 медициналық ұйымның лицензиясы кері қайтарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық департаменттер заңнама талаптарын бұзған медициналық ұйымдардың лицензияларын сот тәртібімен тоқтату рәсімдерін бастады.
«Нәтижесінде 78 медициналық ұйымның, оның ішінде стоматологиялық клиникалардың лицензиясы кері қайтарылды.
Бұл жұмыс пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, лицензиялық талаптардың сақталуын бақылауға және медициналық қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған», - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек көрсету құқығы заңнама талаптары мен қауіпсіздік стандарттарын мүлтіксіз сақтаумен қатар жүруге тиіс екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникаларға жаппай тексеру жүргізілетіні туралы жаздық.