Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау көрсету мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тиісті шешім Агенттік Басқармасының 2026 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен қабылданды.
Ведомство мәліметінше, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы азаматтардың жалғыз баспанасын сақтауға және қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік осал топқа жататын 10,6 мың қарыз алушыға жалпы сомасы 101,3 млрд теңгеге қосымша қаржылық қолдау көрсетілген.
Қолдау шаралары берешек көлемін азайтуды, қарызды өтеудің жеңілдетілген кестесін белгілеуді және банк балансына өткен жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтаруды қамтиды.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2004-2020 жылдары ипотекалық несие алған азаматтардың 33,4 мың қарызы 215 млрд теңгеге қайта қаржыландырылған.
Ал 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағыты бойынша 16,2 мың несие 114,4 млрд теңгеге қайта қаржыландырылған немесе ұлттық валютаға ауыстырылған. Бұл бағытты іске асыру 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған.
Сонымен қатар Агенттік қыркүйек айында қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерге қатысты 15,6 мың өтінішті қараған. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 6,3 пайызға көп.
Өтініштердің 47,1 пайызы банк секторына, 39,4 пайызы микроқаржы ұйымдарына, 7,1 пайызы коллекторлық агенттіктерге қатысты болған. Азаматтар көбіне қарыз берешегін реттеу, заңнаманы түсіндіру және қаржылық мәселелер бойынша кеңес алу үшін жүгінген.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша қаржы нарығы субъектілеріне бес ұсынымдық қадағалау шарасы қолданылып, бір жазбаша нұсқама берілген. Сондай-ақ жалпы сомасы 1,7 млн теңгеге үш әкімшілік айыппұл салынған.
Еске сала кетейік, бұған дейін бір қарызды жабу үшін екіншісін алудың салдары, микрокредит тұзағына түсу себептері мен одан шығу жолдары туралы сараптамалық материал жариялаған болатынбыз.