Астанада балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған 200 орындық жаңа орталық бой көтереді. Медициналық мекеме Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында салынып, елордамен қатар, Қазақстанның өзге өңірлерінен жеткізілетін науқас балаларға да қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген үш жаңа балалар ауруханасын салу бастамасы аясында жүзеге аспақ. Бұл туралы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМК басқарма төрағасы Ержан Әділбеков мәлімдеді.
Жобалық құжаттамаға сәйкес, жаңа орталық елорданың Нұра ауданында, Тұран даңғылы бойындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының қолданыстағы кешені аумағында орналасады. Нысанның жалпы сыйымдылығы – 200 стационарлық төсек-орын.
Орталықта қандай бөлімшелер болады?
Жаңа медициналық мекеменің құрылымы балаларға көрсетілетін шұғыл және бейінді көмектің негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, балалар хирургиясы, іріңді-қабыну хирургиясы, неонатология, нейрохирургия, офтальмология, травматология және ортопедия бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар құлақ, мұрын және тамақ аурулары, жақ-бет хирургиясы, урология және гинекология бағыттары бойынша да медициналық қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, аллергология, токсикология, неврология, эндокринология, гастроэнтерология, кардиология, нефрология және пульмонология салалары бойынша мамандандырылған көмек ұйымдастырылады.
Орталықтың маңызды бағытының бірі – жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету. Бұл ретте нәрестеге хирургиялық ем жүргізу, шала туған балаларды күтіп-баптау және неонаталдық кезеңдегі патологияларды емдеу қарастырылған.
Жобаның алдын ала есептік көрсеткіштеріне сәйкес, орталық жылына шамамен 8 900 пациентті қабылдай алады. Бұл есеп 200 төсек-орынның 85 пайыздық жүктемесі және науқастың стационарда орта есеппен жеті күн ем қабылдауы негізінде жасалған.
Дегенмен бұл көрсеткіш әзірге болжамды сипатқа ие. Науқастардың нақты саны бөлімшелердің бейініне, емдеу ұзақтығына және медициналық мекеменің жұмысын ұйымдастыру тәртібіне байланысты болады. Орталықтың жылдық қабылдау қуаты жобалық және медициналық-экономикалық есептеулер негізінде нақтыланады.
Өңірлерден жеткізілетін балаларға да көмек көрсетіледі
Жаңа орталықтың Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында орналасуы медициналық қызметтердің өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жедел жәрдем қызметтерімен және бейінді стационарлармен байланысты күшейту көзделген.
Медициналық мекеме науқас балаларды көлікпен және санитариялық авиация арқылы қабылдай алады. Оның ішінде Қазақстанның басқа өңірлерінен жеткізілетін балаларға да мамандандырылған көмек көрсету қарастырылған. Бұл әсіресе шалғай және қатынауы қиын елді мекендерде тұратын, күрделі медициналық көмекке мұқтаж балалар үшін маңызды. Өйткені мұндай жағдайда науқасты қажетті мамандар мен заманауи медициналық жабдықтар шоғырланған орталыққа жедел жеткізу емдеу үдерісінің тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Жаңа орталықтың іске қосылуы балалар денсаулығын сақтау саласындағы медициналық инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға да ықпал етпек.

