Елорда полицейлері халықаралық іздеуде жүрген ер адамды Шымкентте ұстады

Елорда полицейлері халықаралық іздеуде жүрген ер адамды Шымкентте ұстады
Фото: magnific.com

Күдікті 4 млрд теңге алаяқтық ісіне қатысы болғаны үшін іздеу жарияланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің бір топ адаммен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, алдау жолымен Астанада көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға қаражат тартқаны анықталды. Алайда құрылыс жұмысы қажетті рұқсат құжатынсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген. Қылмыстық іс аясында 292 үлескердің зардап шеккені анықталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі 4 млрд теңгеден асады.

Ер адамның ұзақ уақыт бойы Шымкент қаласында жасырынып жүргені белгілі болды. Ол ізін жасыру мақсатында жалдамалы пәтерді жиі ауыстырып отырған.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске сала кетсек, полиция қызметкерлері елімізде іздеуде жүрген 1 мыңнан астам адамды ұстады.