Мелекет басшысы: Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нормалар қосылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды.
Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді.
Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын», - деді ҚР Президенті.