Елордада полиция ата-аналарға баласына жол ережесін үйретуге шақырады

Елордада полиция ата-аналарға баласына жол ережесін үйретуге шақырады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласы коммуникациялар қызметінден өткен онлайн баспасөз мәслихатында Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандарға қатысты жол-көлік оқиғасының алдын алу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Спикердің айтуынша, Полиция департаментінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бері елорда аумағында 964 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,1 пайызға өскен. Салдарынан 11 адам қаза тауып, 1 126 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған. 

Балалардың қатысуымен болатын жол апатының өсуі
Жыл басынан бері жолдардағы жағдай ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Балалардың қатысуымен 311 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 36,4 пайызға жоғары. Салдарынан 2 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 412 бала жарақат алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,7 пайызға өскен.
Балалардың велосипедпен жүріп жарақат алуы ерекше алаңдаушылық туындатады. Осы кезеңде жас велосипедшілердің қатысуымен 52 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл оқиғаларда 53 бала зардап шегіп, олардың біреуі қаза тапқан.
Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы кездері қалада велосипедпен жүрген балаларға қатысты бірқатар резонанстық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқыс жағдай балалардың жол жүрісі қағидасын жеткілікті деңгейде білмеуін, жолдың жүру бөлігін қауіпсіз кесіп өте алмайтынын және жолдағылармен тиімді өзара іс-қимыл жасай алмайтынын көрсетеді.

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері
Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын апаттардың негізгі себептері анықталды. Олардың қатарында жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, кішкентай балалардың ересектердің қарауынсыз жүруі бар. Сонымен қатар велосипедші жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедтен түспей өтуі де айтарлықтай қауіп төндіреді. Балалардың да, ересектердің де жол жүрісі қағидаларын сақтамауы жағдайды күрделендіре түсті. Жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру қайғылы оқиғаның санын едәуір азайтуға ықпал етеді.

Кәмелетке толмағандар мен ата-аналардың жауапкершілігі
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесінің 28-бабына сәйкес, 16 жасқа толған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер құқық бұзушылықты 16 жасқа толмаған бала жасаса, онда жауапкершілік ӘҚБтК-нің 127-бабына («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау») сәйкес заңды өкілдеріне жүктеледі.
Жыл басынан бері 16 жастан асқан 70-тен астам жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы шамамен 435 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша заңды өкілдерге қатысты 200-ден астам құқық бұзушылық тіркеліп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,7 млн теңгеден асты. Осылайша, заңнама құқық бұзушының жасына және заңды өкілдердің рөліне байланысты жауапкершілікті нақты белгілейді.

Мектептегі қауіпсіздікті арттыру шаралары
Жылдың басынан бері Полиция департаменті балалар жарақатының алдын алу мақсатында мектептердің жанындағы көше-жол желілеріне 213 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 159 нұсқама беріліп, оның аясында бағдаршам орнату, жаяу жүргінші өткелін жабдықтау, жасанды жол кедергісін орнату, жол белгісін ауыстыру жүргізіліп, жол таңбасы жаңартылды. 
Сондай-ақ, 5 мектептің маңындағы жарықтандыру жүйесі қалпына келтіріліп, 17 мектептің жанында жүк көлігінің қозғалысына тыйым салынды. Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында 2 учаскеде біржақты қозғалыс енгізілді.

Мектеп тасымалын бақылау және профилактикалық жұмыс
Мектеп автобустарының техникалық жағдайы мен оларды желіге шығару талаптарының сақталуы тұрақты түрде тексеріледі. Жүргізушілер жол-көлік оқиғасының алдын алуына қатысты түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. 
Күн сайын саптық бөлімшелер тұрғын үй аулаларында патрульдік қызмет атқарады, дауыс күшейткіш құрылғысы арқылы тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескертді. Сонымен қатар балаларды аулаларда және жол маңында бақылауда ұстау қажеттілігі жөнінде ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Жолдағы қауіпсіздік – әркімнің жеке жауапкершілігі
Жолдағы қауіпсіздік деңгейі бірқатар факторға жол жүрісі қағидаларын сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, көліктің техникалық жарамдылығына және қозғалысты дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Ең басты шарт – әрбір жол қозғалысына қатысушы тәртіпті сақтауы қажет.
Полиция ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуге, ал жүргізушілерді мектептер маңында, тұрғын үй ауласында және жаяу жүргіншілер өткелінде барынша мұқият болуға шақырады. Мемлекеттің, қоғамның, ата-аналардың және жүргізушілердің бірлескен күш-жігерімен ғана балалардың жарақаттануын азайтуға және олардың өмірін сақтауға болады.

Еске салсақ, полиция велосипедпен жүргенде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.