Астанада автокөліктерді тұраққа қою ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді

5 маусым, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада автокөліктерді тұраққа қою ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы Астана қаласының Полиция департаментімен бірлесіп, автокөлік құралдарын тұраққа қою және тоқтату қағидаларының сақталуын тұрақты негізде бақылауда ұстап келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кезекті тексеру Айтматов көшесі, 77/7 мекенжайында орналасқан тұрғын үй тұрғындарының өтініші негізінде жүргізілді. Тұрғындар көлікті тұраққа қою қағидаларының жүйелі түрде бұзылатынын, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тұрақ орындарын заңды құқығы жоқ жүргізушілердің иеленіп жүргенін хабарлаған.

«Оқиға орнына жедел түрде барған қызметкерлер құқық бұзушылық фактілерінің толық расталғанын анықтады. Тәртіп бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Қызметтердің жедел әрекет етуі тұрғындарға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға, аула аумағында еркін әрі қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Уәкілетті органдар қаладағы жол инфрақұрылымы тұрақты бақылауда екенін еске салады. Астанада құқық бұзушылықтарды анықтау және тіркеу үшін заманауи техникалық құралдар пайдаланылады. Мобильді және стационарлық бақылау жүйелері көлікті тоқтату мен тұраққа қою қағидаларын бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейді.

«Тұраққа қоюға тыйым салынады», «Тоқтауға тыйым салынады» жол белгілерінің талаптарын бұзған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды заңсыз иеленген көліктер айыппұл тұрағына эвакуациялануы мүмкін.

Құқық қорғау органдары көлік иелерінің назарын жолдар мен аулалардағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты екеніне аударып отыр. Дұрыс қойылмаған автокөлік немесе көру мүмкіндігін шектейтін кедергілер жаяу жүргіншілер үшін үлкен қауіп төндіреді. Олардың қатарында егде жастағы адамдар, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар және ең бастысы балалар бар.

Еске сала кетейік, ІІМ есірткі қылмысына қарсы республикалық операцияны қолға алды.