Елордада «Өзіңнен баста» әлеуметтік-спорттық жобасы басталады
Астанада 6 маусымнан бастап салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған «Өзіңнен баста» жыл сайынғы тегін әлеуметтік-спорттық жобасы басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоба «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласы әкімдігінің, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның ұйымдастырушысы – ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай.
Биыл жаттығулар тамыз айының соңына дейін ашық аспан астында екі орында – Триатлон паркінде және Ботаникалық бақта өтеді. Жобаға қатысу тегін әрі жасына, дене дайындығына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық тұрғын үшін ашық.
«Бұл жобаны жыл сайын өткізілетін бастама деуге болады, себебі ол биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы оған 5 мыңнан астам адам қатысты. Жаттығулар тұрғындардың жұмысынан немесе оқуынан кейін қатысуына қолайлы болуы үшін кешкі сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.
Біз үшін жастарға үлкен өзгерістер адамның өзін өзгертуге, мықты әрі дені сау болуға деген жеке шешімінен басталатынын көрсету маңызды. Сондықтан жобаның негізгі қағидаты оның «Өзіңнен баста» атауында көрініс тапқан.
Қазір балалардың жазғы демалысы басталды, көпшілігі үйде. Осыған байланысты елорданың барлық тұрғынын жаттығуларға қатысуға шақырамыз», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
«Өзіңнен баста» спорттық жобасының салтанатты ашылуы 6 маусым күні сағат 18:00-де Триатлон паркіндегі «Арқар» көпірінің астында өтеді.
Қатысушыларға арнап функционалдық жаттығулар, өз салмағымен орындалатын жаттығулар, жалпы дене дайындығы элементтері, воркаут сабақтары, сондай-ақ жастарды нақты мақсатқа ұмтылуға және дамуға ынталандыратын танымал спортшылармен, қоғам қайраткерлерімен және пікір көшбасшыларымен кездесулер ұйымдастырылады.
Жобаның басты мақсаты – жастар үшін қолжетімді спорттық орта қалыптастыру, қала тұрғындарын тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру және тәлімгерлердің, спортшылар мен қоғам қайраткерлерінің үлгісі арқылы салауатты өмір салты мәдениетін дамыту.
Жаттығулар кестесі
Триатлон паркі («Арқар» көпірінің асты):
• Сейсенбі – 19:00-20:00;
• Бейсенбі – 19:00-20:00;
• Сенбі – 19:00-20:00.
Ботаникалық бақ:
• Дүйсенбі – 19:00-20:00;
• Сәрсенбі – 19:00-20:00;
• Жұма – 19:00-20:00.
Жобаға қатысты қосымша ақпаратты +7 747 340 0728 нөмірі арқылы алуға болады.
Еске сала кетейік, Астанада табиғатты аялауға бағытталған «Өзіңнен баста» эко-челленджі басталды.