Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен профилактикалық кездесу өтті. Жиында құқықтық мәселелер мен Президент Жолдауының негізгі бағыттары түсіндіріліп, талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Студенттерге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы негізгі нормалар, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері түсіндірілді. Әсіресе құқық бұзушылық жасағаны үшін көзделген әкімшілік жауапкершілікке баса назар аударылды.
Кездесуде нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері де талқыланды. Студенттерге есірткі заттарын тұтынудың зияны, оларды сақтағаны, таратқаны және сатқандығы үшін жауапкершілік, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы түсіндірілді.
Бұдан бөлек, студенттерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары мен заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, цифрландыруды дамытуға, жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басымдықтары таныстырылды.
Еске сала кетейік, Астанада студенттер арасында есірткіге қарсы Quiz ойыны өтті.