ІІМ зорлық-зомбылық құрбандарына онлайн кеңес беретін акцияны іске қосады

Бүгін, 12:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
ІІМ зорлық-зомбылық құрбандарына онлайн кеңес беретін акцияны іске қосады
Фото: Әкімшілік полиция комитеті

Ішкі істер министрлігі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға Threads әлеуметтік желісінде көмек көрсетуге бағытталған «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» республикалық акциясын бастайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әкімшілік полиция комитетіне сілтеме жасап.

Акция түрлі себептермен полицияға жүгінуге батылы бармай жүрген зорлық-зомбылық құрбандарына, зорлық-зомбылық фактілеріне куә болған адамдарға, сондай-ақ құқықтық кеңес пен қолдауға мұқтаж азаматтарға арналған.

Акция аясында әр азамат ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына өз өтінішін қалдырып, мамандардан кеңес пен қажетті түсіндірмелер ала алады.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін ақпарат аумақтық полиция бөлімшелеріне жедел жолданады. 

«Көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін республика бойынша сенім телефондарының өзекті нөмірлері, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған арнайы ақпараттық ресурс әзірленді. Мына сілтеме арқылы әр азамат өз өңіріндегі қажетті байланыс деректерін тауып, құқықтық, психологиялық және өзге де көмек пен кеңес алу үшін қайда жүгінуге болатыны туралы ақпарат ала алады», - делінген хабарламада.

Акцияны өткізуге мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары да тартылады. Олар өз құзыреті шегінде келіп түскен өтініштер бойынша қажетті көмек көрсетуге және көтерілген мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырды. Егер өзіңіз немесе жаныңыздағы адамдар көмекке мұқтаж болса, үнсіз қалмауды ескертті.

Сондай-ақ «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» – бұл жай ғана сөз емес, әрбір азаматтың үнін жеткізуге, кері байланыс орнатуға және нақты көмек алуға мүмкіндік беретін бастама екенін атап өтті.

Еске салсақ, Ақтөбеде үйдің шатырынан 25 келіден астам марихуана табылды.