Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған инфрақұрылым қалай дамып жатыр

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған инфрақұрылым қалай дамып жатыр
Фото: ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қолжетімділік картасына енгізілген 43 мың нысанның 34 мыңнан астамы бейімделген. Бұл жоспарланған жұмыстардың 79%-ын құрайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бүгінде елімізде мүгедектігі бар 756 мыңнан астам адам тұрады. Оның 33,3 мыңы кресло-арбамен қозғалады. Олардың қатарында 26,9 мың ересек пен 6,4 мың бала бар.

Биыл нысандарды бейімдеу бойынша белгіленген нысаналы көрсеткіш – 80%. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық өңірде жүргізіліп жатыр.

Нысандардың қолжетімділігі тек пандустардың болуымен шектелмейді. Ғимараттарға кіріп-шығу, ішіндегі қозғалыс жолдары, санитарлық бөлмелер, ақпараттық белгілер мен қызмет алу жағдайлары да ескеріледі.

Тұрғын үйлерді бейімдеуге де ерекше назар аударылған. Қолжетімділік картасына енгізілген 1 034 тұрғын үйдің 938-і толық, ал 96-сы ішінара бейімделген.

Сонымен қатар биыл 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі аясында нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісу өкілеттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Осы уақытқа дейін түскен 562 өтінімнің 147-сі келісілген.

Бұған дейін Қазақстан пойыздарында мүгедектігі бар жолаушыларға қандай жағдай жасалғаны туралы жазған едік.