Hyundai Қазақстанда ақылды көлік жүйелерін енгізуі мүмкін

Hyundai Қазақстанда ақылды көлік жүйелерін енгізуі мүмкін
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстан мен Hyundai Motor Company ақылды қалалар, жасанды интеллект және робототехника салаларында ынтымақтастық орнатуға келісті. Тараптар қалалық көлік қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйелерін, роботтандырылған жеткізу қызметтерін және ақылды автотұрақтарды дамыту мүмкіндіктерін қарастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті меморандумға Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Hyundai Motor Group компаниясының атқарушы вице-президенті Хогын Чон бастаған делегациямен кездесуі қорытындысында қол қойылды.

Келіссөздер барысында интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, сұранысқа негізделген мобильділік сервистерін енгізу, қуаттау инфрақұрылымын жетілдіру және қалаларды цифрлық трансформациялау мәселелері талқыланды.

Бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асыруға ықтимал алаңдар ретінде Алматы мен Алатау қалалары қарастырылып отыр. Тараптар жаңа технологияларды қолданыстағы қалалық цифрлық жүйелермен біріктіру мүмкіндіктерін зерделемек.

Меморандум аясында тәжірибе алмасу, мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту және ықтимал пилоттық жобаларды бірлесіп пысықтау көзделген. Сондай-ақ ынтымақтастықты үйлестіретін жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.

Министрліктің мәліметінше, нақты жобалар мен оларды іске асыру шарттары кейін қосымша айқындалады.

Айта кетейік, Hyundai Motor Group – құрамына Hyundai Motor Company және Kia кіретін халықаралық компаниялар тобы. Компания автомобиль өндірісімен қатар робототехника, жасанды интеллект және болашақ мобильділігі бағыттарын дамытып келеді.

Бұған дейін Қазақстан мен Германия көміртекті егіншілікті дамыту перспективаларын талқылағаны хабарланған еді.