Қарулы күштерде екі жылдық қызметке шақырылған запастағы офицерлерді оқыту курстары аяқталды

Қарулы күштерде екі жылдық қызметке шақырылған запастағы офицерлерді оқыту курстары аяқталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Тылдық, техникалық және инженерлік қамтамасыз ету, автоматтандырылған басқару жүйелері, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, байланыс, медицина салаларының мамандары, сондай-ақ тәрбие жұмысы жөніндегі офицерлер өз білімі мен практикалық дағдысын пысықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Осындай курстың бірі Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында байланыс мамандарына арнап өткізілді. Оған запастан шақырылған 19 офицер қатысты.

Оқу бағдарламасы аясында арнайы және тактикалық-арнайы дайындық бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Сабақ барысында заманауи байланыс техникасы мен құралдарын пайдалану, байланыс бөлімшесінің негізгі құжатын жүргізу тәртібі, жауынгерлік дайындық сабағын ұйымдастыру және өткізу әдістемесі бойынша тәжірибелік дағды жетілдірілді.

Сонымен қатар офицерлер байланыс техникасын орналастыру және байланыс арналарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі оқу-жаттығу тапсырмасын орындады. Байланысты жоспарлау кезінде бөлімше командирінің жұмыс тәртібі мен басқару ерекшелігі жан-жақты қарастырылды.

– Бұл курстың басты ерекшелігі – запастан шақырылған офицерлердің теориялық білімін жаңартып қана қоймай, оларды қазіргі заманғы байланыс жүйесімен жұмыс істеуге практикалық тұрғыдан даярлау. Сабақ барысында тыңдаушылардың кәсіби шеберлігі артып, қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажетті дағдысы жетілдірілді, – деді 07029 әскери бөлімінің командирі Омар Сыздықов.

Қонаев гарнизонында да Қазақстан қарулы күштері Бас штабы Инженерлік әскерлер департаменті ұйымдастырған запастан шақырылған офицерлерге арналған мамандандыру курсы аяқталды.

Екі апта бойы офицерлер арнайы дайындық кезінде қарқынды теориялық және практикалық сабақты оқып, кәсіби дағдысын жетілдірді. Курсқа қатысушылар шынайы жағдайға барынша жақындатылған ортада іс-қимылдарды пысықтап, жеке құрамды басқару, инженерлік техниканы пайдалану және инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындау машығын дамытты.

Іс-шара соңында тыңдаушыларға сертификат табысталды. Офицерлер іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылығына және оқу курсын ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.