Ұлытау облысы цифрлық Smart Point ХҚКО ашылған алғашқы өңір атанды

5 маусым, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлытау облысы цифрлық Smart Point ХҚКО ашылған алғашқы өңір атанды
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы

Ұлытау облысы Қазақстандағы Smart Point жаңа цифрлық ХҚКО форматы іске қосылған алғашқы өңір болды. Бұл жоба цифрлық сервистерді дамытуға және азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жаңа орталыққа «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков арнайы барып көрді.

Smart Point – тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға, құжаттарды цифрландырып жіберуге, күрделі қызметтер бойынша мамандардан кеңес алуға, сондай-ақ цифрлық сауаттылықтарын арттырып, жаңа электрондық сервистерді меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық кеңістік.

Мұндай формат қызмет алу уақытын қысқартып, қызмет көрсету үдерісін ыңғайлы ете түседі және мемлекеттік цифрлық мүмкіндіктердің қолжетімділігін арттырады.

Smart Point-тың ашылуы өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып, Ұлытау облысының Қазақстандағы цифрлық трансформация көшбасшыларының қатарында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.