Астанада кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтеді

6 қараша, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтеді
Фото: ҚР ҰОК

7-9 қараша аралығында Астана қаласында ересектер арасында кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтеді. Бұл беделді халықаралық дода Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі 7 қараша күні сағат 17:00-де Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Байрақты бәсекеге әлемнің 67 елінен 400-ге жуық спортшы, сондай-ақ жаттықтырушылар, төрешілер, спорт саласының мамандары мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.

Қатысушы мемлекеттер саны бойынша бұл кураш күресінен әлем чемпионаттарының тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Үндістанның Пуна қаласында өткен XIII әлем чемпионатында тіркелген. Аталған додаға 60 елдің өкілдері қатысқан.

Әлем чемпионатының негізгі белдесулері 7-9 қараша аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Жарыстар күн сайын сағат 10:00-де басталады. Көрермендер үшін кіру тегін.

Спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.

Ерлер арасындағы салмақ дәрежелері: 60 кг, 66 кг, 73 кг, 81 кг, 90 кг, 100 кг, 120 кг және 120 кг-нан жоғары.

Әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері: 48 кг, 52 кг, 57 кг, 63 кг, 70 кг, 78 кг, 87 кг және 87 кг-нан жоғары.

Бозкілемде әлемнің үздік кураш балуандары, оның ішінде әлем және Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары өзара мықтыны анықтайды.

Кураш – Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бүгінде бұл спорт түрі халықаралық деңгейде кеңінен танылып, әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді.

Әлем чемпионатының Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуы кураш күресін халықаралық деңгейде одан әрі насихаттауға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға және мемлекеттер арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Халықаралық жарыс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Sport Qory спортты қолдау қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ қолдауымен өтеді.

Еске сала кетейік, биыл астаналық спортшылар 5 700-ге жуық медаль жеңіп алды.