Нұрдаулет Нариманов: Президент Жолдауында айтылған инфрақұрылымдық инвестициялар ұзақ мерзімді нәтиже беруге тиіс

Нұрдаулет Нариманов: Президент Жолдауында айтылған инфрақұрылымдық инвестициялар ұзақ мерзімді нәтиже беруге тиіс
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға басымдық берді. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражатты инфрақұрылымдық нысандар салуға жұмсалатын қаржы ретінде ғана емес, өңірлер мен бизнестің дамуын тежеп келген жүйелі мәселелерді шешуге арналған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырған жөн. Бағдарламаның тиімділігі бөлінген қаражат көлемімен емес, оның экономиканың өнімділігі мен халықтың өмір сүру сапасына тигізетін нақты әсерімен өлшенуге тиіс. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика мен тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы Нұрдаулет Нариманов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының сөзінше, тозған инженерлік желілер, энергетикалық қуат тапшылығы және көлік байланысының әлсіздігі ел экономикасына тұрақты қосымша шығын әкеледі. Кәсіпорындар тауар бағасына жабдықтаудағы үзілістерге, логистика мен жөндеуге кететін шығындарды қосуға мәжбүр. Ал инвесторлар жаңа өндіріс ашу үшін өңір таңдағанда инфрақұрылымның жай-күйін ескереді. Сондықтан дұрыс таңдалған инфрақұрылымдық жоба тікелей коммерциялық пайда әкелмесе де, компаниялардың шығынын азайту, жаңа жұмыс орындарын құру және салық базасын кеңейту арқылы экономикалық нәтиже бере алады. Нысан неғұрлым көп жүйелі шектеуді жойса, оның қоғамдық құндылығы соғұрлым жоғары болады.

«Бағдарламаның экономикалық әсері екі кезеңде көрінеді. Алдағы жылдары құрылыс жұмыстары металлға, цементке, жабдыққа, көлік қызметтері мен жұмыс күшіне сұранысты арттырады. Бұл кәсіпорындарға қосымша тапсырыс беріліп, жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызады. Ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін су мен жылу шығынын азайту, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру, тасымалды жеделдету және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен негізгі нәтиже қалыптасады.

Дегенмен ЖІӨ-ге ықпалды бөлінген қаржы көлеміне қарап автоматты түрде бағалауға болмайды. Сатып алынатын тауарлар мен жабдықтардың бір бөлігі импортқа тиесілі болуы мүмкін. Ал материалдар мен мамандар тапшылығы бағаның өсуіне әкелуі ықтимал. Сондықтан қазақстандық жеткізушілердің үлесі, сатып алудағы бәсекелестік және мердігерлік нарықтың дайындық деңгейі маңызды», - деді Нұрдаулет Нариманов.

Оның пікірінше, бағдарламаның нәтижелі болуы үшін инфрақұрылымдық нысандарды іріктеу кезінде олардың нақты қажеттілігі мен экономикалық тиімділігіне баса назар аудару қажет.

«Мәселен, апат жиі болатын су құбырын жаңғырту жыл сайынғы пайдалану шығындарын азайта алады. Ал өнеркәсіп торабына апаратын сенімді жол жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Әрбір құрылыс жобасы бойынша өлшенетін нәтижелер алдын ала белгіленуі керек. Атап айтқанда, қанша тұрғын сапалы қызметпен қамтылады, апат саны, тасымал уақыты немесе бизнестің шығыны қаншалықты қысқарады деген сұрақтарға нақты жауап болуы қажет.

Сонымен қатар болашақтағы күтіп-ұстау шығындарын да ескерген жөн. Жаңа аурухана дәрігерлер мен қажетті жабдық болғанда, мектеп педагогтермен қамтамасыз етілгенде, ал коммуналдық желілер кәсіби деңгейде пайдаланылғанда ғана тиімді жұмыс істейді. Демек, нысанды салу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Оның кейінгі қызметін қамтамасыз ету де алдын ала жоспарлануы тиіс.

Жолдауда денсаулық сақтау саласында шамамен 70 нысан, білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50 нысан салу, сондай-ақ газдандыру мен сумен жабдықтау жүйелерін дамыту жоспарлары көрсетілген. Сарапшының айтуынша, азаматтар алғашқы нәтижелерді 2026–2027 жылдардың өзінде құрылыс жұмыстарының басталуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті компанияларға берілетін тапсырыстар арқылы сезінуі мүмкін. Ал елеулі өзгерістер нысандар 2027–2029 жылдары пайдалануға берілген кезде байқалады деп күтіледі.

Бағдарламаның орындалуын тек қаражаттың игерілу пайызы бойынша бағалау жеткіліксіз. Негізгі өлшем – нысандар ашылғаннан кейін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы. Инфрақұрылымдық жобаның нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінде сезілуі керек», - деді Нұрдаулет Нариманов.

Сарапшы Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың қаржылық тәртібі де айрықша маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, құрылысқа жұмсалған әрбір теңге мемлекеттің өзге міндеттеріне және сыртқы экономикалық күйзелістер кезінде қаржылық қорғанысқа қолжетімді қаражат көлеміне әсер етеді. Сондықтан бағдарламаның тиімділігі жобаларды сапалы іріктеуге, бюджетті негізді жоспарлауға және Ұлттық қордың тұрақтандырушы рөлін сақтауға байланысты.

«Қоғамдық қажеттілігі дәлелденген және ұзақ мерзімді экономикалық қайтарымы бар нысандарға басымдық берілуі тиіс. Сараптаманың әлсіздігі мен сметалардың негізсіз қымбаттатылуы бюджет қаражатын ғана емес, болашақ даму мүмкіндіктерін де жоғалтуға әкеледі.

Бақылаудың практикалық тетігі барлық жобаның сметасы, мердігерлері, жұмыс кезеңдері мен қорытынды көрсеткіштері көрсетілген ашық тізілімді, тәуелсіз техникалық сараптаманы және сатып алуды тексеруді қамтуы қажет. Қазынашылықтың цифрлық сүйемелдеуі төлемдердің қадағалануын жақсарта алады. Алайда бұл тетік салынған нысанның сапасын өздігінен растамайды. Сондықтан құн мен мерзімдердің өзгерістері және олардың себептері де ашық жариялануы керек. Орындаушылардың дербес жауапкершілігі мен нысан тапсырылғаннан кейін нәтижені тәуелсіз бағалау тиімсіз шығындар тәуекелін төмендетеді», - деді Нұрдаулет Нариманов.

Нұрдаулет Наримановтың пікірінше, бағдарламаның макроэкономикалық тиімділігі құрылысқа қажетті материалдар, жабдықтар мен жұмыс күшіне сұраныстың артуы инфляцияны күшейтпеуіне де байланысты. Бұл үшін шығындарды кезең-кезеңімен бөлу, құрылыс кестесін отандық компаниялардың өндірістік мүмкіндіктерімен және ақша-кредит саясатымен үйлестіру маңызды.

«Реформаның түпкілікті бағасы инфрақұрылымдық шығындардың азаюына, жеке инвестициялардың келуіне, коммуналдық жүйелердің сенімділігіне және адамдар өміріндегі нақты жақсартуларға негізделуі тиіс. Осындай жағдайда 6,5 триллион теңге ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің көзіне айналады. Қабылданған шешімнің әсері бағдарламаны іске асыру мерзімімен шектелмей, одан кейінгі жылдарда да сезілуі мүмкін», - деп атап өтті сарапшы.