Қаладағы жалғыздық психологиясы: урбанизация қазақ қоғамын қалай өзгертіп жатыр

5 маусым, 2026
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
Қаладағы жалғыздық психологиясы: урбанизация қазақ қоғамын қалай өзгертіп жатыр
Фото: Балабек Сақтағановтың жеке мұрағаты

Мегаполистегі қарбалас тіршілік, цифрландыру және әлеуметтік қатынастардың өзгеруі көптеген адамның өзін жалғыз сезінуіне себеп болуда. Жалғыздық шынымен көбейді ме, әлде бұл бұрыннан бар құбылыстың жаңа көрінісі ме? Қазіргі қоғамда қарым-қатынас мәдениеті қалай өзгеріп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағанов Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Балабек Кеніштайұлы, қазіргі урбанизация жағдайында қала тұрғындарының жалғыздық сезімі шынымен артты ма, әлде бұл құбылыс бұрыннан бар, бірақ қазір ғана ашық көрініп отыр ма?

– Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, бұл сұрақтың жауабы екі жақты болып табылады.

Психологиялық-әлеуметтік зерттеулер аясында Зигмунт Бауманның «сұйық заманауилық» концепциясы бұл мәселені түсіндіруде маңызды теориялық негіз бола алады. Бауманның пікірінше, біз «қатаң» заманауилықтан, мұнда институттар, нормалар мен өмірлік жоспарлар салыстырмалы түрде тұрақты болған, «сұйық» заманауилыққа, мұнда бәрі үнемі қозғалыста болатын кезеңге өттік. Бұл жағдайда жеке тұлға өзінің әл-ауқатының жалғыз менеджеріне айналады, ал әлеуметтік байланыстар тұрақсыз және нәзік сипатқа ие болады.

Қазақстандық контексте бұл теориялық тұжырымдама эмпирикалық растауларға ие. 2025 жылғы STADA фармацевтикалық компаниясының есебі бойынша, қазақстандық респонденттердің 75%-ы эмоционалдық күйіп кету жағдайын бастан кешіргенін мәлімдеген. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден айтарлықтай жоғары.

Бұл сандар жалғыздықтың шынымен «жаңа әлеуметтік дерт» ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен дәстүрлі қазақ қоғамында адамның көпшілікпен араласып, қолдау сезінетін тетіктері бұрыннан болғанын, ал қазіргі индивидуализм бұл механизмдерді әлсіреткенін атап өткен жөн.

– Мегаполисте адамдар көп болғанымен, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуін қандай психологиялық механизмдермен түсіндіруге болады?

– Мұны бірнеше күрделі психологиялық механизммен түсіндіруге болады.

Біріншіден, сенсорлық шамадан тыс жүктелу механизмі. Қалалық ортадағы шу, қозғалыс және бейтаныс адамдардың көптігі психикалық энергияны сарқып, адамның өзін қорғаныс мақсатында әлеуметтік байланыстардан шектеуіне әкеледі.

Екіншіден, анонимділік және әлеуметтік бақылаудың төмендеуі. Қалада адамдар көршілерін танымайды, қоғамдық кеңістікте бір-бірімен байланыс орнатпайды. Зерттеулер тұрғын үй тығыздығының артуы жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану ықтималдығын көбейтетінін көрсетеді.

Үшіншіден, Бауман сипаттаған «сұйық махаббат» феномені. Қазіргі адамдар жақындықты қалайды, бірақ тәуелсіздігін жоғалтудан қорқады. Соның салдарынан қарым-қатынастар тұрақсыз әрі уақытша сипат ала бастайды.

Төртіншіден, цифрлық ортаның парадоксалды әсері бар. Онлайн байланыс көбейгенімен, ол бетпе-бет қарым-қатынастың эмоциялық тереңдігін алмастыра алмайды.

– Қазіргі қоғамда адамның жақын қарым-қатынас құру моделінде қандай өзгерістер байқалады?

– Қазіргі қоғамда тұрақты байланыстардан уақытша байланыстарға қарай бетбұрыс байқалады.

Егер дәстүрлі қоғамда неке мен отбасы өмір бойына жалғасатын институт ретінде қабылданса, қазіргі адам қарым-қатынастың икемді әрі қысқа мерзімді үлгілерін жиі таңдайды.

Қазақстандағы ажырасу статистикасы да осы үрдісті көрсетеді. Ажырасқандардың басым бөлігі қала тұрғындары. Сонымен қатар онлайн танысу платформаларының танымалдығы артып келеді.

Дегенмен бұл өзгерістердің жағымды тұстары да бар. Мәселен, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде ажырасу процесіндегі татуласу көрсеткіші соңғы жылдары өсіп келеді.

– Психологтар, коучтар және таныстыру қызметтеріне сұраныстың артуын әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қалай түсіндіруге болады?

– Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, дәстүрлі қолдау жүйелерінің әлсіреуі. Бұрын адамның мәселесін туыстары мен жақын ортасы шешуге көмектессе, қазір көптеген адам кәсіби көмекке жүгінуге мәжбүр.

Екіншіден, психологиялық көмекке сұраныс артқан сайын біліктілігі күмәнді коучтар мен әлеуметтік желідегі өзін психолог ретінде таныстыратын адамдардың саны да көбейді. Сондықтан психологиялық қызметті құқықтық реттеу мәселесі өзекті болып отыр.

Үшіншіден, жастар арасында жасанды интеллект құралдарына жүгіну тенденциясы байқалады. Кейбір зерттеулер бойынша, Z буыны кәсіби маманнан бұрын цифрлық көмекшіге жүгінуге бейім.

– Қазақ қоғамындағы дәстүрлі әлеуметтік байланыс формалары қазіргі урбанизация жағдайында қалай өзгеріп жатыр?

– Қазақ қоғамында кеңейтілген отбасы моделінен нуклеарлы отбасыға көшу жалғасып жатыр.

Соған қарамастан ата-әжелердің бала тәрбиесіндегі рөлі маңызды болып қала береді. Көпшілік олардың ұлттық құндылықтарды сақтауға және үлкенді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін мойындайды.

Сонымен бірге урбанизация мен ішкі көші-қон көршілік және туыстық байланыстардың сипатын өзгертуде. Қазіргі отбасылар уақыт тапшылығын жиі сезінеді, бұл әлеуметтік қарым-қатынастардың сапасына әсер етеді.

– Қазіргі адамның жалғыздығы – адамдардың аздығынан емес, байланыстың сапасының өзгеруінен бе?

– Иә, қазіргі жалғыздық көбіне адамдардың аздығынан емес, әлеуметтік байланыстың сапасы мен тереңдігінің өзгеруінен туындайды.

Мегаполисте адам көпшіліктің арасында жүріп-ақ өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: бетпе-бет қарым-қатынастың таяздануы, әлеуметтік желілердегі үстірт байланыстардың көбеюі, адамдардың қарым-қатынастан рухани жақындық емес, практикалық пайда іздеуі және эмпатия деңгейінің төмендеуі.

Сондықтан қазіргі урбанизация жағдайындағы жалғыздық мәселесі адамдар санының аздығымен емес, әлеуметтік байланыстардың тұрақтылығы мен сапасының өзгеруімен байланысты. Бұл құбылыс қоғамнан кешенді жауап пен жаңа әлеуметтік шешімдерді талап етеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!