«Мақсатым – әлемді ұту»: 60-тан асқан Астана тұрғыны дзюдода бақ сынап жүр
Өмірінде күреспен айналыспаған елорда тұрғыны Төлеген Бейсмолдаев 60-тан асқан шағында дзюдоға келген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Төлеген ағаның спортқа келуіне ұлының жаттықтырушысы себеп болған. Арада көп уақыт өтпей татамиге шыққан ол Қазақстан мен Азия чемпионаттарында жеңіске жетті. Қазір спортшының басты мақсаты – әлем чемпионатында топ жару,
Төлеген Бейсмолдаев дзюдомен 2023 жылдың тамыз айынан бастап айналысып келеді. Сол кезде оның ұлының жаттықтырушысы Саят Ержанов Әбу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына қатысу туралы ұсыныс алған.
«Бір күні Саятпен және тағы бірнеше жігітпен бірге кездестік. Жігіттер оған Әбу-Дабиде әлем чемпионаты болатынын айтып, қатысуға шақырды. Саят түрлі себеп айтып, баруға қашқақтады. Сол кезде мен оған: “Сені қолдап барайын, сен осы жарысқа қатыс”, – дедім. Себебі ұлымның әлем чемпионы болуына Саяттың еңбегі сіңген еді. Мен де сол азаматқа қолдау көрсеткім келді», – дейді Төлеген Бейсмолдаев.
Алайда ол кезде Төлеген аға өзі жарысқа қатысуды ойламаған. Өйткені өмірінде күреспеген, дзюдоның қыр-сырын білмеген. Көп ұзамай Саят Ержанов оны жаттығу залына шақырады.
«Саят «Әбу-Дабиге барасыз ба?» деп сұрады. «Жігіттерге сөз бердік, сені қолдап барамын» дедім. Ол болса: «Жоқ, олай болмайды, өзіңіз күресесіз» деді. «Мен өмірімде күрескен адам емеспін, ол жерде күресіп, ұят болып жүрмейін» дедім. Бірақ ол маған сенім беріп, жаттығуға шақырды. Сөйтіп, қыркүйекте дайындықты бастап кеттік», – деп еске алады спортшы.
Осылайша небәрі екі ай жаттығып, 2023 жылдың қараша айында алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан.

Әбу-Дабидегі жарыста бірде жеңіп, бірде жеңілген ол үшінші орын үшін белдесуде қарсыласына есе жіберген. Дегенмен бұл жарыс оның спорттағы жолының басталуына себеп болды.
«Мен бірден әлем чемпионатына қатыстым. Сол әлем чемпионаты менің дзюдоға келуіме себеп болды. Бір азаматты қолдап барамын деп, өзім татамиге шықтым», – деп еске алады Төлеген Бейсмолдаев.
Қазақстан және Азия чемпионы
Алғашқы жаттығулар оңай болмаған. Жасы үлкен болғанына қарамастан, спортшы өзінен әлдеқайда жас жігіттермен бірге дайындалған.
«Алғашқы жаттығулар қиын болды. Өзімнен жас балалармен бірге жаттықтым. Жарыстарда өз қатарымдағы спортшылармен белдесемін, кейде менен 10-15 жас кіші жігіттер де кездеседі. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүріп, жүлделі орындардан түспеуге тырыстым», – дейді ол.
Еңбегінің нәтижесі де көп күттірмеген. Төлеген Бейсмолдаев Қазақстан чемпионы атанып, самбодан да ел біріншілігінде жеңіске жеткен. Кейін Азия чемпионы атанды. Бұдан бөлек, Түркістанда өткен дзюдо, самбо және қазақ күресінен жарыста үшінші орын иеленген. Ал Қарағандыда өткен жарыста бірінші орын алған. Спортшыға бапкерлері де қолдау көрсетіп келеді. Қарағандыдағы жарыстан кейін оған қара белбеу мен есімі жазылған кимоно сыйлаған.
«Қара белбеудің уақытын өзім білмеймін. Бапкерлерім сыйлады. «Біздің еңбегімізді ақтап жатырсыз, аға» деді. Сол жігіттерге алғысым шексіз», – дейді ол.

Аптасына үш рет жаттығады
Қазір Төлеген Бейсмолдаев аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жаттығады. Оның айтуынша, дзюдо залы адамды тәртіпке үйретеді.
«Жаттығуға кешігуге болмайды. Бәрімен бірдей жаттығасың. Тәртіп пен тазалық бар. Әрине, жарақат та болады. Иығың ауырады, саусақтарың сырқырайды. Бірақ соған қарамастан жаттығуды тоқтатпау керек. «Анау ауырады, мынау ауырады» деп отыра берсек, ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Талмай еңбек ету керек», – дейді спортшы.
Оның бұл шешіміне отбасы алғашында алаңдаған. Жасы ұлғайған шағында күреспен айналысуына алаңдаған жақындары кейін оның жетістіктерін көріп, қолдау көрсеткен.
«Басында үйдегілер «Жасың келіп қалды, ертең бір жерің ауырып қалмасын» деп алаңдады. Кейін жақсы қабылдады. Іні-қарындастарым, келіндерім әйелімді мақтап, «Бір үйден екі чемпион шығарған жеңгеміз» деп айтып жүреді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», – дейді Төлеген Бейсмолдаев.
«Мақсатым – әлемді ұту»
Бүгінде спортшының басты мақсаты – әлем чемпионатында жеңіске жету. Алайда халықаралық жарысқа қатысу жоспары әзірге виза мәселесіне байланысты тоқтап тұр.
«Мақсатым – әлемді ұту. Қазір виза ашылмай, сол себепті тоқтап тұрмыз», – дейді ол.
60-тан асқан спортшы жастарға да өз ісімен үлгі көрсеткісі келеді.
«Жастарға не айтамын? Мен сөзбен емес, іспен дәлелдеп келе жатырмын. Өзім қатарлы адамдарға «Күресейік, жастарға үлгі-өнеге болайық» деп айтамын. Осы спорт арқылы Қазақстан ғана емес, шетелдегі адамдармен де танысып, жақсы қарым-қатынас орнап жатыр. Күрестің ең қызығының бірі – осы», – дейді ол.

Төлеген Бейсмолдаевтың айтуынша, жас ұлғайды деп белсенді өмір салтынан бас тартуға болмайды. Ол жастарды спортпен айналысып, ел намысын қорғауға шақырады.
«Жас келді деп отыруға болмайды. Спортпен айналысып, қазақтың туын желбіретіп, әнұранын ойнатып, қазақ деген халықтың бар екенін көрсету керек. Қазақ – мықты халық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қайрат көрсете алады», – дейді дзюдошы.
Ол әр адам өз шамасына қарай елге пайдасын тигізіп, салауатты өмір салтын ұстануы керек деп есептейді.
«Қазір қазақ елінен ой еңбегінде де, дене еңбегінде де мықты азаматтар шығып жатыр. Қазақстан өсіп, дамып келеді. Соған кішкентай болса да үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстанып, елімізге, жерімізге пайдамызды тигізсек деймін. Жаман әдеттерден аулақ болып, үлкен-кіші демей бір-бірімізді сыйлап жүргеніміз дұрыс», – дейді Төлеген Бейсмолдаев.