«Отбасыда жанжалдың алдын алу емес, оны дұрыс шешуді үйрену маңызды» - психолог Нағима Бексұлтанова

Бүгін, 11:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Отбасыда жанжалдың алдын алу емес, оны дұрыс шешуді үйрену маңызды» - психолог Нағима Бексұлтанова
Фото: Нағима Бексұлтанованың жеке мұрағаты

Астанада отбасы институты дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, заман талабына сай өзгеріп келеді. Жастар отбасын құруға саналы түрде қарап, білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге ұмтылады. Алайда баспана, қаржы, тұрмыстық жауапкершілік және эмоциялық қиындықтар жас отбасыларға салмақ түсіріп отыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығы Психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Нағима Бексұлтанова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, мемлекет тарапынан жастарға арналған түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылғанымен, олардың барлығына бірдей қолжетімді болуы мүмкін емес.

«Баспана мәселесі отбасылар үшін негізгі стресс факторларының бірі болып қала береді. Сонымен қатар бүгінгі жас отбасыларда ерлі-зайыптылардың серіктестік қарым-қатынасы күшейіп келеді. Бұрын отбасыдағы шешімдерді көбіне бір адам қабылдаса, қазір ерлі-зайыптылардың екеуі де дамуға, мансап құруға және тұрмыстық міндеттерді тең бөлуге ұмтылады», – деді Нағима Бексұлтанова.

Оның сөзінше, жас отбасылардың алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі – ажырасу. Бұған жастардың отбасылық өмірдегі қиындықтарға дайын болмауы, қаржылық қысым және бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орната алмауы себеп болуы мүмкін.

«Қазіргі таңда көптеген жастар берік қарым-қатынасты, өзара құрмет пен серіктестікті қалайды. Жастар мансап құруды біледі, алайда бір-бірін тыңдау, ортақ шешімге келу, міндеттерді бөлісу және жанжалды сабырмен шешу дағдылары әрдайым бола бермейді. Отбасындағы келіспеушіліктер – қалыпты нәрсе. Маңыздысы – жанжалдың алдын алу емес, оны қарым-қатынасқа зиян келтірмей шешуді үйрену. Яғни, эмоция күшейген сәтте әңгімені уақытша тоқтатып, сабырға келген соң, мәселені қайта талқылауға кеңес беремін. Мақсат «кім дұрыс?» деген ұстанымнан «бұл мәселені бірге қалай шеше аламыз?» деген ұстанымға көшу. Отбасы мамандардың көмегіне неғұрлым ерте жүгінсе, жанжалдың ушығуына жол бермей, қарым-қатынасты сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары», – деді Нағима Бексұлтанова.

Қазіргі таңда ата-аналар психологтарға балалардың мінез-құлқы мен эмоциялық жағдайына байланысты да жиі жүгінетін болған.

«Олардың қатарында баланың тыңдамауы, агрессия, мазасыздық, тұйықтық, балабақша немесе мектепке бейімделу қиындығы және мектепке барудан бас тарту сияқты мәселелер бар. Алайда мұндай жағдайларда баланың мінез-құлқын отбасы ортасынан бөлек қарастыруға болмайды. Кейде баланың әрекеті оның ішкі алаңдаушылығы мен отбасындағы жағдайға реакциясы болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың әрекетін жазалауға ғана емес, оның астарындағы эмоциялық қажеттілікті түсінуге назар аударуы қажет. Әсіресе жасөспірімдік кезеңде бала дербестікке ұмтылғанымен, ата-анасының қолдауына, байланысына әлі де мұқтаж. Баланың өзін тыңдайтынын және түсінетінін сезінуі өте маңызды», – деді маман.

«Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығында отбасылық жанжалдардың себептерін, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктерін және қайталанатын мінез-құлық үлгілерін анықтауға көмектеседі.

«Орталықта отбасының мәселесін жүйелі түрде қарастыруға да мән беріледі. Мәселен, генограмма әдісі арқылы отбасылық қарым-қатынас үлгілерінің, ұстанымдар мен эмоциялық реакциялардың ұрпақтан ұрпаққа берілу ерекшеліктері зерттеледі. Сонымен қатар мамандар отбасы құндылықтарына, өзара сенім мен құрметке, жауапкершілікке, эмоциялық жақындыққа және жанжалдарды конструктивті шешуге бағытталған профилактикалық тренингтер өткізеді. Орталықтың басты мақсаты – некені қандай жағдайда да сақтап қалу емес, отбасына дағдарысты кезеңнен конструктивті жолмен өтуге, өзара диалогты қалпына келтіруге және оңтайлы шешім табуға көмектесу», – деді Нағима Бексұлтанова.