Астанада заңсыз топырақ тасымалдаған жүк көліктері анықталды
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген мониторинг барысында заңсыз топырақ тасымалдау фактісі анықталды. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Құқық бұзушылық арнайы дрон арқылы жүргізілген монитоинг кезінде Айтматов көшесінде тіркелген. Қалалық ортаны қадағалауға арналған заманауи технологиялардың көмегімен топырақ тиеген екі жүк көлігі анықталған.
Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану жүйесі арқылы көліктердің деректері жедел түрде полиция қызметкерлеріне жолданып, жүргізушілер анықталды. Нәтижесінде олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жүк көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.
Аталған оқиға бойынша материалдар тиісті шара қабылдау үшін Астана қаласының Экология департаментіне жіберілді.
Полиция өкілдері заңсыз топырақ өндіру мен тасымалдау табиғатты қорғау заңнамасын бұзу болып саналатынын еске салды. Мұндай әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда «102» арнасына хабарлауға шақырды.