Астанада «Әділет» партиясының өкілдері коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесті

Астанада «Әділет» партиясының өкілдері коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесті
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «ELORDA ECO SYSTEM» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіпорынның даму мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жиынға Қазақстан Халық кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, «Байқоңыр» ауданы бойынша №6 сайлау округінен Астана қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат Бауыржан Қасымбергебаев және «Әділет» партиясының тізімі бойынша кандидат Ляззат Разбекова қатысты.

Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын таныстырып, елдегі реформалар мен Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.

Бауыржан Қасымбергебаев мемлекеттің дамуы азаматтардың әл-ауқаты мен отбасылардың тұрмыс сапасынан көрінуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ тазалық пен тәртіп әр адамның өз ортасына деген жауапкершілігінен басталатынын айтты.

«Елімізде тұрмысы жақсы, табысты, бақытты азаматтар мен берік отбасылар көбейген сайын мемлекетіміз де нығая түседі. Меніңше, бәрі өз үйімізден, ауламыз бен көшеміздің тазалығынан, айналамыздағы тәртіптен басталады», – деді ол.

Ляззат Разбекова кәсіпорынның әлеуетін арттыру және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Осы бағытта қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін көтеруге дайын екенін білдірді.

«Біз бағдарламаны таныстыру үшін ғана келген жоқпыз. Біз үшін кәсіпорындарыңыздың дамуы, еңбек жағдайының жақсаруы маңызды. Кәсіпорынның мүмкіндіктері жыл сайын кеңейе түсуі үшін қаржыландыруды арттыру мәселелерімен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.

Кездесуде «ELORDA ECO SYSTEM» қызметкерлерінің елорда тазалығын сақтауға және қаланы абаттандыруға қосып жүрген үлесі аталып өтті. Сондай-ақ коммуналдық сала мамандарына қолайлы еңбек жағдайын жасау мен олардың еңбегін лайықты бағалаудың маңыздылығына назар аударылды.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық 
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.