Медициналық көмекке ұзақ кезек: «Әділет» кандидаттары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Бүгін, 20:40
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Медициналық көмекке ұзақ кезек: «Әділет» кандидаттары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанада «Әділет» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Нұрбол Тұрсынбаев пен Медет Исқақов QazExpoCongress ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және елорданың инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуді партияның Астана қалалық филиалына қарасты «Өркен» аумақтық филиалының төрағасы Есенбек Серікбаев жүргізді. Оған Еуразиялық медициналық қауымдастықтың Басқарма төрағасы Надежда Петухова, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының кеңесшісі әрі бастауыш партия ұйымының төрағасы Аманғали Нұрдәулетов және Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының Цифрландыру және жаңа технологиялар департаменті директорының орынбасары Эльдар Қарабаев қатысты.

Кандидаттар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділікті арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және қалалық инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі партияның басымдықтарын баяндады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.

Нұрбол Тұрсынбаев денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, аурулардың алдын алу, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет екенін айтты.

«Әрбір азамат сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуы тиіс. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, аурулардың алдын алу, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту және медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру — назар аударуды қажет ететін мәселелер. Халықтың денсаулығын қорғау Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асырудағы басты басымдықтардың бірі болуы керек», — деді ол.

Кездесу барысында медициналық көмекті күту мерзіміне қатысты мәселе де көтерілді. Ұжым қызметкерлерінің бірі бірінші топтағы мүгедектігі бар 78 жастағы анасының көзіне ота жасату үшін маусым айында портал арқылы кезекке тұрғанын айтты. Алайда қыркүйекте операцияның келесі жылдың наурыз айына жоспарланғаны туралы хабарлама алған.

Оның сөзінше, ұзақ күту мерзімі емге мұқтаж жандарға қиындық туғызады. Осыған байланысты ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қажетті емді уақытылы алу мәселесіне назар аударды.

Нұрбол Тұрсынбаев елордадағы көз микрохирургиясы орталығында 30 төсек-орын бар екенін, алдағы уақытта олардың санын 50-ге дейін жеткізу жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ кейбір пациенттердің кезегі екі жылға дейін созылатынын атап өтті.

Кандидаттың түсіндіруінше, кезек электронды портал арқылы реттеледі. Бұл тетік ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Оның айтуынша, дәрігерлер кезек ретін өз бетінше өзгерте алмайды.

Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, кандидаттарға сауалдарын жолдады. Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламасымен танысу азаматтарды толғандырған нақты мәселелерді талқылаумен жалғасты.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық 
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.