Астанада насыбай атқан жігіттер кейін аялдаманы өздері тазалауға мәжбүр болды

Бүгін, 20:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада насыбай атқан жігіттер кейін аялдаманы өздері тазалауға мәжбүр болды
Фото: «Алматы» ауданы әкімдігі

«Алматы» ауданында бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, аялдама павильонын ластаған 18 және 19 жастағы екі жас азамат анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Алматы» ауданы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 және 434-2-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.

«Сот шешімімен жас азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жүктелген міндеттерді орындау аясында олар өздері бұрын ластаған аялдаманы санитарлық тазалаудан өткізді», - делінген хабарламада. 

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын ортақ мүлікке ұқыпты қарауға, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. 

Еске салайық, бұған дейін Астанада аялдамадағы камераны бүлдірген оқушылар анықталды.