«Отандастар медиа сыйлығы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқау ұлт ұстазы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жыл мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қордың мәлімдеуінше, байқау шетелдегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің еңбегін бағалау, ана тіліндегі ақпарат кеңістігін нығайту және Қазақстан мен диаспора арасындағы байланысты күшейту мақсатында өткізілген.
Байқауға шетелдегі БАҚ-та ресми жұмыс істейтін қазақ журналистері мен шетелде тіркелген қазақтілді басылымдар қатысты. Өтінім 13-29 қазан аралығында онлайн форматта қабылданды. «Үздік БАҚ», «Үздік журналист», «Үздік жас журналист» номинацияларына 20-ға жуық өтінім түсті.
Жұмыстарды Turkistan, Aiqyn, Egemen Qazaqstan, Astana Aqshamy және Медиа дамыту қорының өкілдерінен құралған қазылар алқасы 30 қазандағы отырысында бағалады. Бағалау кезінде үміткерлердің тәжірибесі, шығармашылық шеберлігі, тұрақтылығы және аудиторияға ықпалы ескерілді.
Қазылар алқасының шешімімен мыналар жеңімпаз атанды:
«Үздік БАҚ» – Баян Өлгей аймағының Бұқаралық қазақ радиосы (Моңғолия). 60 жылдық тарихы бар. Радио 2025 жылы «Баян-Өлгей аймағының үздік мекемесі» сыйлығын алған.
«Үздік журналист» – Жұлдыз Жұмағұлқызы (Моңғолия). Баян Өлгей аймағындағы қазақ тілінде хабар тарататын «Дербес» телеарнасының журналисі.
«Үздік жас журналист» – Бекболат Мұхтаров (Өзбекстан). Еңбек жолын 2021 жылы «Нұрлы жол» газетінде тілші болып бастады, 2024 жылы «Ұлт.kz» ақпараттық порталында еңбек етті. 2026 жылдың ақпанынан бері қайтадан «Нұрлы жол» газетінің тілшісі.
Жеңімпаздар 13-16 қараша Шымкент және Түркістан қалаларында өтетін «Киелі Қазақстан» жобасы барысында марапатталады. Әр номинация жеңімпазына бағалы сыйлық табысталады.
Еске сала кетсек, наурыз айында 3,3 мыңға жуық адамға қандас мәртебесі берілді.