«Қазпошта» ұжымымен кездесу: «Әділет» партиясының кандидаттары қандай жоспар ұсынды?

Бүгін, 20:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Қазпошта» ұжымымен кездесу: «Әділет» партиясының кандидаттары қандай жоспар ұсынды?
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанада «Әділет» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар «Қазпошта» компаниясының елордалық филиалы — Астана поштамтының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жиынға №11 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат Санира Жусупова мен партиялық тізімге енген кандидат Ботагөз Қасабек қатысты.

Кездесу барысында партияның сайлауалды басымдықтары мен алдағы міндеттері талқыланды. Ботагөз Қасабек партия жұмысы нақты көрсеткіштер мен нәтижесі өлшенетін мақсаттарға негізделуі керектігін атап өтті.

«Біз партиямен бірге жүзеге асырғымыз келетін нақты мақсаттарымызды жеткізуді көздейміз. Әрқайсыңыз біздің партия үшін маңыздысыздар. Өйткені «Қазпошта» — ауқымды инфрақұрылымы бар біртұтас жүйе», — деді Ботагөз Қасабек.


Астана поштамтының өкілі Салтанат Назарова бұрынғы әріптесімен жүздесудің ұжым үшін маңызы зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, Санира Жусупова пошта қызметкерлерінің жұмысын және оларды толғандыратын мәселелерді жақсы біледі.

«Санираның бұрын біздің ұжымда жұмыс істегені біз үшін маңызды. Ол біздің мәселелерімізді түсінеді, компаниямыздың қаншалықты үлкен екенін, ұжымымыздың ынтымағы мен бірлігін біледі. Біз ауқымды жұмыс атқарамыз, сондықтан бүгінгі кездесудің осылайша өткеніне өте қуаныштымыз», — деді Салтанат Назарова.

Жүздесу барысында кандидаттар сайлауалды ұстанымдарын таныстырып, пошта қызметкерлерінің пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық 
тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.