Елордада түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды пайдалану арқылы қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу фактілерінің жолын кесу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәселен, оқу орындарының бірінің маңында пиротехникалық бұйымдарды іске қосу дерегі анықталды. Белгілі болғандай, 29 жастағы екі ер адам осылайша құрбысының туған күнін атап өтпек болған. Алайда мерекелік шара жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарының тыныштығын бұзған.
«Аталған факті бойынша екі азаматқа да ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен заңнама талаптарын сақтау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарын айналадағы адамдардың тыныштығына құрметпен қарауға, тыныштық талаптарын сақтауға және пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда, қауіпсіздік шараларын ескере отырып пайдалануға шақырды.
Еске салсақ, Астанада көлігіне балағат сөздер жазылған жүргізуші ұсталды.