Астанада вандализммен күрес күшейді

Астанада вандализммен күрес күшейді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада бөтеннің мүлкін бүлдіру және вандализм жағдайын анықтау, сол сияқты оның алдын алу жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қала инфрақұрылымы нысандарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға аударылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Астана қаласы әкімдігінне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, қалада бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық орындарға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жүргізіп, дауыс зорайтқыш құрылғылар мен дрондарды да пайдаланады. Олар азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтап, ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырады.

Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдірудің 70-ке жуық жағдайы тіркелген. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарнамалық құрылымдар бүлінеді. Тұрғын үйлердің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасы мен лифт жабдыбын да жиі зақымдап кетеді.

Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін заңнамаға сай жауапқа тарту ісі қарастырылғанын ескертеді. Құқық бұзушылар келтірілген шығынды өтеуге, айыппұл төлеуге міндеттеледі, сондай-ақ әкімшілік қамауға да алынуы мүмкін.

Полиция департаменті азаматтарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырады. Вандализм жағдайы байқасаңыз, дереу «102» нөміріне хабарлау қажет.

Еске салсақ, елордалық полиция жыл басынан бері есірткі жарнамалаған 29 граффитиді анықтады.