Президент: Біз Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз

5 маусым, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент: Біз Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінде заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз.
 
Бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады.
 
Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек.
 
Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
 
Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін», - деді Президент.

Форумда Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Cove Capital Директорлар кеңесінің төрағасы әрі Бас директоры Пини Альтхаус, Alstom Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер, Freedom Holding Corp Бас директоры Тимур Турлов сөз сөйледі.