Астаналық спортшылар Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды
Түркістан облысындағы Alma-Tau спорттық-сауықтыру кешенінде эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Маусымның басты ұлттық додасына еліміздің үздік командалары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан барған 35 команда мен 290-ға жуық спортшы қатысты. Гимнастшылар ұзақ бағдарлама және аралас бағдарлама бойынша үш жас санатында өнер көрсетті.
Жарыс күндері қатысушылар жоғары техникалық шеберлігін, әртістік қабілеті мен командалық үйлесімділігін паш етті.
Қойылымдардың алуан түрлілігі мен элементтердің күрделілігі жүлделі орындар үшін тартысты одан әрі күшейтті.
Төрешілер алқасын халықаралық дәрежедегі IFAGG International Judge санатындағы төреші М.Бектұрғанова басқарды.
Елордалық гимнастшылар чемпионатта сәтті өнер көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Ұзақ бағдарлама бойынша жүлдегерлер:
Сеньорлар (16 жас және одан жоғары):
• Алтын медаль – Alan (Астана);
• Күміс медаль – Asyl Tas (Шымкент);
• Қола медаль – LiEl (Алматы).
Жасөспірімдер (14-16 жас):
• Алтын медаль – Kerbez (Алматы);
• Күміс медаль – Samruk (Астана);
• Қола медаль – Izumrud-Korkem (Астана).
12-14 жас аралығындағы балалар:
• Алтын медаль – Alan-Colibri (Астана);
• Күміс медаль – Kerbez-Delight (Алматы);
• Қола медаль – Blossom (Алматы).
Қазақстан чемпионаты 13-14 маусым күндері Астанада өтетін эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңіне айналды.
Жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, Астанада 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді.