30 жылда 50 мыңнан астам сәби: Қазақстандағы ЭКҰ нәтижелері жарияланды

30 жылда 50 мыңнан астам сәби: Қазақстандағы ЭКҰ нәтижелері жарияланды
Фото: ДСМ

Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалар саны 50 мыңнан асты. Бұл туралы елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы туған алғашқы баланың 30 жылдығына арналған халықаралық конгресте мәлім болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда басталған Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының XVIII халықаралық конгресіне 25 елден 1000-нан астам маман қатысуда. Форум 1996 жылғы 31 шілдеде елімізде ЭКҰ арқылы дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялармен айналысатын 32 бейінді клиника жұмыс істейді. Олар жыл сайын шамамен 18 мың емдеу циклін жүргізеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 7 есе ұлғайтылған. Соның нәтижесінде 2021-2025 жылдары «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында шамамен 34 мың әйелге ЭКҰ жасалған. Олардың 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

«Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова конгресс қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде.

Министрдің айтуынша, елімізде репродуктивтік денсаулықты сақтау, бедеуліктің алдын алу мен емдеу, жүктілікке дайындық және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші 4 есе, ал нәресте өлімі 30%-ға төмендеген.

Халықаралық конгресте репродуктивтік медицинадағы жасанды интеллект мүмкіндіктері, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг және онкологиялық аурулар кезінде ұрпақ өрбіту мүмкіндігін сақтау мәселелері талқыланады.

Бұған дейін Қазақстанда ер адамдардың репродуктивті денсаулығын бақылауға арналған «Әке» мобильді қосымшасы таныстырылғаны хабарланған еді.