Астанада «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр. Халықаралық жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірқатар мемлекет басшысы қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Саммитке Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысуда.
Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған, терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимылға бағытталған халықаралық алаң.
Аталған бастама аясында мемлекет басшылары, арнайы қызметтер, әскери ведомстволар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері бас қосып, қауіп-қатерлерге қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру және оларға қарсы іс-қимылды үйлестіру мәселелерін талқылайды.

Биыл Астанада өтіп жатқан саммит жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған.