Тоқаев: Билік және бизнес өкілдері өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолын бірге іздеуі қажет
Билік және бизнес өкілдері өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет. Мемлекет басшысы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осының бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша.
Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр.
Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет. Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс.
Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын», - деді Тоқаев.