Президент: Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды

5 маусым, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Президент: Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінде әкімшілік әділет жүйесінің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін енгізу қажеттігі туралы бастама көтеріліп, 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.

«Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.

Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты.

Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.