ІІМ есірткінің зардабы туралы шынайы оқиғаға негізделген фильм ұсынды

10 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
ІІМ есірткінің зардабы туралы шынайы оқиғаға негізделген фильм ұсынды
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі шынайы оқиғаға негізделген жаңа деректі драманы көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Туындының басты кейіпкері – Дамир есімді жас жігіт. Оның өмір жолы жасөспірім шақтағы қате таңдау мен дұрыс емес ортаның адам тағдырына қалай әсер ететінін көрсетеді.

Бастапқыда қатарластары сияқты қарапайым өмір сүрген Дамир уақыт өте келе тыйым салынған заттарға қызығып, күмәнді ортаға араласа бастайды. Жеңіл жолмен табыс табуды көздеген ол есірткі таратумен айналысып, ақырында заң алдында жауап беруге мәжбүр болады.

Фильмде түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Дамирдің жасөспірімдер мен ата-аналарға арнаған үндеуі де қамтылған. Ол бір ғана қателіктің бүкіл өмірді өзгертіп жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Деректі драма жастардың есірткі ортасына қалай тартылатынын, тәуелділіктің қалыптасу себептерін және адамның қылмыстық әрекетке біртіндеп араласу процесін көрсетеді.

Туынды ең алдымен ата-аналарға бағытталған. Фильм жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді ерте анықтауға және уақытылы әрекет етуге көмектесуді мақсат етеді. Сонымен қатар ол жастарға өз іс-әрекеттерінің салдарын түсінуге мүмкіндік берсе, педагогтер мен жастармен жұмыс істейтін мамандар үшін тиімді тәрбиелік құрал бола алады.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәліметінше, фильмнің басты мақсаты – қоғам назарын өзекті мәселеге аударып, жастарды қауіпті таңдаудан сақтандыру.

«Бұл оқиға кем дегенде бір жасөспірімге қауіпті таңдаудан бас тартуға, ал ата-анаға мәселені дер кезінде байқап, өз баласына көмек қолын созуға көмектеседі деп үміттенеміз. Егер фильмді көргеннен кейін адам тағдыры сақталып қалса, онда бұл еңбектің зая кетпегені», – деп атап өтті комитет өкілдері.

Еске салсақ, Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды.