Биыл елімізде 290 мың адамға 30 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

Биыл елімізде 290 мың адамға 30 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 54 мың отбасындағы 290,6 мың адамға 30,3 млрд теңге сомасында тағайындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

«АӘК мыналарды көздейді: табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау; табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Осы жылдың 1 желтоқсанына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды; жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мәнсап орталығында, ауылдық округ әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Бұған дейін Астанада жыл сайын 200 мың адамға әлеуметтік көмек берілетінін жазған едік.