Еңбек қауіпсіздігі: мамандарды даярлаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болды
Елімізде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 80-нен астам тренер мен қызметкер кәсіби біліктілігін арттырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек қауіпсіздігі саласында мамандар даярлау жүйесін дамыту жұмыстары халықаралық білім беру тәжірибелері мен заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы жүргізіліп жатыр.
Бұл бағыттағы жобалар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), ХЕҰ-ның Халықаралық оқу орталығы (ITCILO), «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы, кәсіподақтар және Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының ынтымақтастығы аясында іске асуда.
Негізгі бағыттардың бірі – ұйымдар мен кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша мамандарды оқытатын білікті тренерлер даярлау.
2024 жылдан бері ХЕҰ, ITCILO және «PARYZ» бірлесіп ішкі тренерлерді даярлау бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі саласындағы кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған Essentials of Occupational Safety and Health бағдарламасы іске қосылды.
2025 жылы бұл бағдарлама ХЕҰ-ның «Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде әлеуметтік диалог арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жәрдемдесу» жобасының қолдауымен пилоттық форматта өткізілді.
ХЕҰ мәліметінше, 2024 жылдан бері аталған бағдарламаларға «PARYZ» ұйымының 80-нен астам тренері мен қызметкері қатысты.
Сонымен қатар 2026 жылы ITCILO қолдауымен PARYZ Education цифрлық білім беру платформасы жұмысын бастады. Бұл еңбек қауіпсіздігі саласындағы мамандарды қашықтан даярлау мүмкіндігін кеңейтті.
Биыл шілде айында 25 тренер мен платформа қызметкері цифрлық оқыту бағдарламаларын әзірлеу бойынша оқу курсын аяқтады.
Тау-кен өнеркәсібіне мамандар даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. «Тау-кен өнеркәсібіндегі еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы» онлайн-курсы ENBEK цифрлық экожүйесіне интеграцияланды.
Бұдан бөлек, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қарағанды, Екібастұз және Өскемен қалаларында үш оқыту семинарын өткізді. Оларға 90 адам қатысты.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық құралдарды дамыту. ХЕҰ жобасы аясында кәсіби өзара іс-қимыл жасауға және бейінді материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін E-Collab.OSH порталы іске қосылды.
Бұған дейін «Еңбек жолы» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары анықталғанын жаздық.