Қазақстан орнықты даму жөніндегі жаһандық рейтингтегі позициясын ілгерілетті
2026 жылғы Орнықты даму жөніндегі есептің (Sustainable Development Report) қорытындысына сәйкес, еліміз Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу индексі бойынша 169 мемлекеттің ішінде 67-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда 3 сатыға жоғарылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл рейтингте Қазақстан 2025 жылы 167 елдің ішінде 70-орында болған.
Биылғы қорытынды бойынша Қазақстан G20 елдерінің бірқатарын, оның ішінде Индонезия, Мексика, Түркия, Үндістан және Сауд Арабиясын басып озды.
Мысалы, ең маңызды жетістігінің бірі ретінде ОДМ 6 «Таза су және санитария» бағыты бойынша қол жеткізілген ілгерілеуді атап өтуге болады. Халықтың базалық ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 95,4%-дан 97,8%-ға дейін артты, сондай-ақ өндірісі тапшы су ресурстарын пайдалануды талап ететін импортталатын тауарлардың құрамындағы су көлемі қысқарды.
Сонымен қатар, әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инновациялық қызметті ынталандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты ОДМ-ның негізгі бағыты бойынша тұрақты ілгерілеу байқалады. Бұдан бөлек, Қазақстан ОДМ-ды мемлекеттік саясатқа ықпалдастыру жөніндегі SDSN сараптамалық сауалнамасына енгізілген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет атанды.
Еске сала кетсек, Қазақстан цифрлық экономиканың технологиялық іргетасын қалап жатыр.