Павлодар тұрғыны алаяқтық схемаға симбокс пен 32 телефон қолданған

Бүгін, 16:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Павлодар тұрғыны алаяқтық схемаға симбокс пен 32 телефон қолданған
фото: Оңалхан Өнерхан

Павлодарда «Айқын Нәтиже» іс-шаралар жоспары аясында прокуратура мен полиция қызметкерлері алаяқтық схемаларда қолданылған арнайы техниканы заңсыз пайдалану дерегін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тексеру барысында көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден мобильді құрылғылардың сәйкестендіру кодтарын өзгертуге арналған жабдық табылған. Атап айтқанда, тұрғынның үйінен 128 слоттық симбокс, «Tele2» және «Алтел» операторларына тиесілі 115 sim-карта, екі роутер және 32 ұялы телефон табылды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 213-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру деректерін өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану және тарату фактісі бойынша қаралуда» , делінеді хабарламада.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және сыбайластарды табу үшін кешенді тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті үйқамаққа алынды. 

Еске салсақ, ІІМ тұрғындарды жалған айыппұл хабарламаларына сенбеуге шақырды.