Елімізде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталды

Елімізде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Қазгидромет» РМК ұсынған жаңартылған болжамдық деректерді ескере отырып су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдегі ахуал туралы Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Су ресурстары және ирригация, сондай-ақ Көлік министрліктері баяндама жасады. Болжамды ескере отырып, су тасқыны қаупінің деңгейі бойынша өңірлер айқындалды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев автомобиль және теміржол жолдарының су өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар туралы есептерді тыңдады. Бүгінгі күні 582 су өткізу құбыры салынды, автожолдарды реконструкциялау барысында 63 көпір тұрғызылды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бес апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен қатар вице-премьерге су тасқыны қаупі бар өңірлерге жасалған іссапарлардың нәтижелері және азаматтық қорғау күштерінің әрекет етуге дайындығы туралы баяндалды. Төтенше жағдайларды жою үшін саны 39 мыңнан астам адам құрайтын республикалық және өңірлік күштер мен құралдар топтастырылды. Олардың қарамағында 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы бар. 1 наурыздан бастап ТЖМ Жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеуде. Гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Бұған дейін Үкімет пен Азия даму банкі $5,5 млрд-қа он бес жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жаздық.