Астанада жүргізуші куәлігі жоқ 17 жастағы мопед жүргізушісі ұсталды
Елордада патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған мопед жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қызмет барысында тәртіп сақшылары жолақ ауыстыру кезінде бұрылыс көрсеткішін қоспаған Tank маркалы мопедті тоқтатқан.
Құжаттарды тексеру кезінде көлік құралын жүргізу құқығы жоқ 17 жастағы жасөспірімнің басқарғаны белгілі болды.
Кәмелетке толмағанның заңды өкілдерінің қатысуымен оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал мопед арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ азаматтардың жолға шығуы өздерінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары ата-аналарды кәмелетке толмаған балалардың бос уақытын бақылауды күшейтуге және олардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеуге шақырды.
Еске салсақ, Астанада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейд өткізілді.