Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі салтанатты түрде ашылды

Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі салтанатты түрде ашылды
Фото: Ришат Иркабаев

Бүгін Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара өңірлердің шығармашылық әлеуетін таныстырып, отандық креативті индустрияны дамытуға және жергілікті брендтерді қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Жәрмеңкеде қолөнер шеберлерінің авторлық туындылары, ұлттық өнер үлгілері, дизайнерлік жұмыстар, заманауи шығармашылық жобалар мен стартаптар көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ қала қонақтары мен елорда тұрғындары шеберлермен тікелей жүздесіп, олардың жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

«Бүгін Creative Aimaq республикалық жобасы аясындағы өңірлік креативті жобалардың ашылу салтанаты өтіп жатыр. Бұл алаңда еліміздің әр аймағы өздерінің шығармашылық бастамалары мен бірегей өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл креативті орталық өңірлердің шығармашылық әлеуетін таныстыратын маңызды алаңға айналып келеді. Бүгінде креативті индустрия қарқынды дамып жатыр. Мыңдаған креатор тұрақты жұмыс істеп, 47 бағыт бойынша еңбек етуде. Дегенмен олардың жасаған өнімдерін нарыққа шығару мәселесі әлі де өзекті. Креаторлар өз өнімін жасап қана қоймай, оны өндіріп, нарыққа шығарып, сатуға да мүмкіндік алуы керек. Осы бастама сол бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бүгін креаторлар өз жұмыстарын сала басшылығына таныстырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Орталықтың негізгі мақсаты – қолөнершілер мен шығармашылық иелерінің өнімдерін жүйелі түрде нарыққа шығаруға қолдау көрсету. Біз бүгін 10 өңірдің өнімдерін алып келдік. Бұл – отандық өнімді дамытуға және оны өз нарығымызда ілгерілетуге берілген зор мүмкіндік», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.

Жәрмеңкеге қатысқан шеберлердің қатарында Көкшетаудан келген ағаш шебері Самат Қадралин де бар. Ол ұлттық аспап жасаудағы көпжылдық тәжірибесін бөлісіп, бұл өнердің үлкен төзім мен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

«Домбыра жасаумен айналысқаныма 40 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 2000-нан астам домбыра жасадым. Одан бөлек қобыз бен жетіген де жасаймын. Дегенмен нағыз шебер болу үшін бір бағытқа ден қойып, бар күш-жігерімді домбыра жасау өнеріне арнадым. Домбыра жасауға әртүрлі ағаш түрлері пайдаланылады. Бүгінде ұлттық аспапқа деген сұраныс жоғары. Бір домбыраны жасауға шамамен 10 күн уақыт кетсе, ал оған қажетті ағашты дайындау процесі бес жылға дейін созылады. Сондықтан әрбір аспаптың артында ұзақ еңбек пен үлкен төзім жатыр», – деді Самат Қадралин.

Ал Қосшы қаласынан келген мүсінші Кәрім Бектас – ұлттық сүйек өңдеу өнерін заманауи шығармашылықпен ұштастырып жүрген шеберлердің бірі.

«Мен сүйек өнерімен айналысамын. Негізгі бағытым – төрт түлік малдың жауырын сүйегінен мүсін жасау. Қазіргі уақытта туындыларымды көбіне шетелдік көрмелерде таныстырып жүрмін. Жауырын сүйегі – қазақ халқының танымында ырым-нанымдармен, түрлі тарихи-танымдық деректермен астасқан ерекше мәні бар сүйектердің бірі. Сонымен қатар ол өңдеуге де өте қолайлы. Сондықтан өз жұмыстарымда көбіне жауырын сүйегін пайдаланамын. Жылқы, сиыр, қой секілді төрт түліктің жауырын сүйектерінен түрлі мүсіндер жасап келемін», – деді Кәрім Бектас.

Жәрмеңке жұмысы 13-14 маусым күндері жалғасып, елордалықтар мен қала қонақтарына отандық креаторлардың шығармашылығын жақыннан тануға мүмкіндік береді. Creative Aimaq алаңында келушілер өңір шеберлерінің авторлық туындыларымен танысып, түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, креативті индустрияның жаңа бағыттары мен жергілікті брендтердің өнімдерін тамашалай алады.