Астана локомотив депосының тарихы жайлы кітап жарық көрді

Бүгін, 09:47
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астана локомотив депосының тарихы жайлы кітап жарық көрді
Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

Қазақстан темір жолының 120 жылдығын және Астана локомотив пайдалану депосының мерейтойын мерекелеу аясында «Үлкен жол кезеңдері. Астана локомотив пайдалану депосының тарихы мен тағдырлар» кітабы жарық көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басылым екі бөлімнен – «Кешегі күн – бүгінгі тарих» және «Бүгінгі күн –ертеңгі тарих» тұрады және Астана локомотив пайдалану депосының құрылған кезінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі қалыптасуы мен дамуы тарихына арналған. Кітапта локомотив шаруашылығы мен депоның өндірістік қызметін дамытудың негізгі кезеңдері, сондай-ақ, теміржолшылардың бірнеше буынының еңбек тағдыры көрсетілген.

Кітапты дайындауды депоның жұмыс тобы жүзеге асырды. Жұмыс тобының төрағасы – кадрлар және еңбек қатынастары жөніндегі менеджер Венера Қалмаханова.

Жұмыс тобының құрамына Құрметті теміржолшы, зейнеткер Далабай Байғожин, инженер-технологтар Әмина Жакудина мен Лейла Жүнісова, дизайнер Жадыра Иманбаева кірді.

Кітап идеясының авторы – депо бастығы, Құрметті теміржолшы Дулат Ахмадиев.

Басылымда мұрағат материалдары, деректі дереккөздер, сондай-ақ, сала ардагерлері мен депоның жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің естеліктері ұсынылған.

Жекелеген бөлімдер алғашқы Ақмола паровоз депосына, паровоз шаруашылығына кадрлар даярлауға, 1930-1940 жылдардағы стаханов-кривоносов қозғалысына, сондай-ақ, теміржолшылардың тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысуына арналған.

Кітапта сондай-ақ, электрлендіруді, Ақмола және Целиноград Локомотив деполары озық машинистерінің қызметін, кәсіподақ органдарының жұмысын, ұжымның спорттық, мәдени және көркемдік өмірін, «Надежда» депосы хорының қызметін, теміржол әулеттері мен депоның бірінші басшыларын қоса алғанда, теміржол көлігін дамытудың жаңа кезеңдері қамтылған. Жеке бөлім мұражай қызметін жандандыруға, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсібилік пен ерлік көрсеткен локомотив бригадаларына арналған.

Басылым теміржол саласының қызметкерлеріне, ардагерлерге, бейінді білім беру ұйымдарының білім алушыларына, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының теміржол көлігі тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.

Бұған дейін жаңа жыл қарсаңында Астана маңы бағыттарына қосымша электр пойыздары қатынайтынын жаздық.