Елорданың әрбір 100-тұрғыны JOLTAP жобасы аясында жаңа мамандық меңгерді

Бүгін, 19:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елорданың әрбір 100-тұрғыны JOLTAP жобасы аясында жаңа мамандық меңгерді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада қала тұрғындарының жаңа мамандықтарды тегін игеруіне бағытталған JOLTAP әлеуметтік жобасы жүзеге асып жатыр. Соның арқасында жоба қатысушылары табысын арттырып, жеке кәсіптерін де ашты. Осы ретте жоба жетекшісі Дана Жүнісова 2025 жылы жоба қандай жетістікке жеткенін, жобаның мақсат-міндеттерін айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол өз сөзінде JOLTAP жобасының басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Кейде адамға тек бір ғана мүмкіндік керек. Дәл осы оймен JOLTAP жобасы дүниеге келді. Біз жұмысынан айырылып, тығырыққа тіреліп, қиындықтың ортасында қалған адамдармен жұмыс істейміз. JOLTAP біз үшін – жай ғана оқыту жайлы емес, бұл қолдау мен сенім кеңістігі. Биыл біз, әсіресе, жұмысшы мамандықтарына басымдық беріп, бұрынғы және жаңа мамандықтар бойынша оқытуды жүзеге асырдық. Оқу нақты дағдыларды қалыптастыруға және ары қарай жұмысқа орналасуға бағытталды.

JOLTAP форматы мен әдістемесі мемлекеттік органдар, кәсіби қауымдастық және білім беру ұйымдары тарапынан жоғары бағаланды. Біз үшін бұл – шынымен тиімді әрі жұмыс істейтін модель жасап жатқанымыздың дәлелі», – дейді ол.

Сөз арасында жобаны «Баршаға мүмкіндік» қоғамдық қоры мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырып отырғанын тілге тиек етіп өтті.

«Жоба аясында 11 мамандықты игеруге болады. Бариста (16-35 жас), электр-газбен дәнекерлеуші (18-40 жас), тігінші (16-49 жас), сәнгер-құрастырушы (16-49 жас), шағын бизнестің есебі мен салық салынуы (18-49 жас), аяқкиім жөндеу және кілт жасау (16-49 жас), корпустық жиһаз жасау негіздері (18-49 жас), Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері (18-49 жас), тұрғын үй ішін жобалаудың негіздері (20-40 жас), сату менеджері (18-40 жас), наубайшы (18-49 жас).

Биыл жобаның 7 500 түлегі оқуын аяқтады. Жоба іске қосылғаннан бері 17 мыңнан астам адам білім алды. Елорданың әрбір 100-ші тұрғыны JOLTAP курстарынан өтті», – дейді Дана Жүнісова.